«Ән сауда емес»: композитор Кентау Назарбек ұлттық өнер туралы айтты
Қазақ музыкасына ұлттық рух пен тарихи танымды арқау етіп жүрген композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, елордадағы Оқушылар сарайы вокал бөлімінің жетекшісі Кентау Назарбек Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында «Ән – ұлтқа қызмет» екенін айтып, патриоттық әндердің қоғамдағы рөлі, той мәдениеті мен бүгінгі қазақ өнерінің бағыты туралы пікір білдірді.

– Сіздің шығармашылығыңызда Абай, Құнанбай, ұлт ұстаздары, тарихи тұлғалар тақырыбы ерекше орын алады. Жалпы, ән арқылы тарихи сана мен ұлттық рухты жеткізу қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Ән деген – тәрбиенің көзі. Сондықтан тарихи құндылықты, тарихи сананы, ұлттың болашағын жастардың санасына сіңіруде ең өтімді құралдың бірі – ән деп ойлаймын. Сол себепті ұлылардың сөзіне ән жазып жүрмін. Ұлылардың сөзі ғасырдан ғасырға жетеді. Бірақ ол халыққа кең тарауы үшін ән арқылы жүрекке жетуі керек. Менің мақсатым – сол философияны, тарихи сананы, ұлттың рухын болашақ ұрпаққа жеткізу.
– Композитор ретінде сіз үшін әуен бірінші ме, әлде мәтіннің салмағы маңыздырақ па? Мысалы, тарихи немесе тұлғалық әндерде шығармашылық процесс қалай жүреді?
– Менің түсінігімде, ән мәтінге жазылуы керек. Қазір кейде алдымен әуен жазып алып, соған сөз іздеп жүреді. Меніңше, ол ақынды бір шеңберге қамап қойғандай әсер береді. Ақын ойын еркін жеткізуі керек. Ал ән сол ойды көтеріп тұруы қажет.
Әрине, ән – мәтінді жетелейтін күш. Өйткені ән мәтіндегі философияны, айтылар ойды, мақсатты айқындайды. Бірақ бәрібір түп негізінде сөз тұруы керек деп есептеймін.
– Бүгінде патриоттық ән көп жазылады. Бірақ халықтың жүрегіне жетіп, уақыт сүзгісінен өтетін туынды сирек. Сіздіңше, шынайы патриоттық әннің басты өлшемі қандай?
– Ең бірінші, композитор ұлтшыл болуы керек. Егер ұлтыңды жан-тәніңмен сүймесең, шынайы дүние тудыру мүмкін емес. Композитор халықтың арман-тілегімен үндесуі керек. Сол әнде халықтың мұңы, қуанышы, үміті көрініс табуы қажет.
Қазір қоғамға әртүрлі ақпарат, өнердегі жат ағымдар келіп жатыр. Осындай кезде патриоттық ән өте қажет. Қазақпыз деп айғайлағаннан гөрі, халықтың жүрегіне жететін бір патриоттық ән айтылса, оның тәрбиелік әсері әлдеқайда күшті болады.
– Алтынай Жорабаева орындайтын «Бір бәйтерек, бір шынар» әні – арада 35 жылдан асса да, халық жадынан өшпеген туындының бірі. Осы әннің өміршең болуының сыры неде деп ойлайсыз? Жалпы, уақытқа бағынбайтын ән қалай туады?
– Бұл әннің шығу тарихы қызық. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде: «Неге қазақ әндерінде әке мен ана бірге айтылмайды?» деген ой келді. Әкеге бөлек, анаға бөлек ән бар. Бірақ екеуін тұтастырып айтқан дүние жоқ еді.
Кейін сол ой әнге айналды. Оның өміршеңдігі – халықтың арманымен үндескенінде. Қазақ халқы ұрпақ үшін өмір сүреді. «Мен көрмегенді балам көрсе, мен жетпегенге ұрпағым жетсе» деген тілек бар.
Бұл әнде қияли сөз жоқ. Ата-ана ұрпағы үшін бәйтеректей биік, шынардай саялы дегенге саяды. Сондықтан бұл ән халықтың өз ішіндегі сағынышпен, арманмен қабысты.
– Қуғын-сүргін тақырыбындағы «Арыстарым» әніңіз бүгінде ресми іс-шараларда орындалып жүр. Осындай ауыр тарихи тақырыпқа барғанда композитор қандай күй кешеді?
– Қазаққа керек тақырып болса, соны жазғым келеді. Алаш арыстары біз үшін өмірін қиды. Тіпті ұрпағы да қиындық көрді. Сондықтан «неге мен сол арыстарға арнап ән жазбаймын?» деген ой келді.
Сөйтіп «Арыстарым» әні дүниеге келді. Қазір Астана қаласының «Дарын» орталығы осы әнді негізге алып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған байқау өткізіп жатыр. Бүкіл мектептердің хорлары, ансамбльдері осы әнді орындауға дайындалып жатыр.
Меніңше, бұл ән қазір Алаш арыстарын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың санасына тарихты сіңіріп жатқан туындыға айналды.
– Сонда бұл байқаудың негізгі әні де осы шығарма болып тұр ғой?
– Иә. Тіпті бір жағынан гимн іспеттес дүниеге айналып келе жатыр деуге болады. Өйткені бұл тақырыпқа көп ән жазылған жоқ.
– Сіздің әндеріңізді Мақпал Жүнісова, Кенжебек Жанәбілов сияқты танымал өнер иелері орындайды. Әнді орындаушыға сеніп тапсыру кезінде нені басты назарда ұстайсыз?
– Ең алдымен кәсібилігіне қараймын. Сосын әнді түсінуі керек. Одан кейін еркіндік беремін. Әнші әнді өзіне бейімдеуі тиіс. Өйткені менің дауысым мен табиғатым оған келмеуі мүмкін.
Кәсіби әншілердің орындағанына қуанасың. Бірақ жергілікті жерлерде халықпен етене араласып жүрген өнерпаздардың еңбегін де жоғары бағалаймын. Себебі халыққа ең көп жететін – солар.
– Шәкірт тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп жүрсіз...
– Иә. Мысалы, Ақтөбедегі шәкіртім Дархан Зейнекеш қазір менің әндерімнен жеке концерт бергелі жатыр. Бұрын той әндерін айтып жүрген бала еді. Кейін оған: «Сен тек Ақтөбенің әншісі болғың келе ме, әлде бүкіл қазақтың әншісі болғың келе ме?» деп сұрақ қойдым. «Қазақтың әншісі болғым келеді» деді. Содан кейін «Кеткім келеді Семейге» әнін бердім. Қазір сол ән Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтарға дейін тарап кетті. Тіпті қырғыз әншілері өз қалаларының атын қосып орындап жүр.
– «Кеткім келеді Семейге» әні Семейдің рухын көтерген туынды болды десек те болады ғой?
– Әрине. Бұл тек Семей туралы ән емес. Бұл – ауылды сағыну, туған жерді аңсау, қазақтың ішкі сағынышы туралы ән.
Әр қазақ ауылын көргісі келеді, туған жердің топырағын сезінгісі келеді. Сол себепті халыққа жақын болды деп ойлаймын.
Жалпы, мен Қызылорда, Орал, Қарағанды сияқты бірнеше өңірге арнап ән жаздым. Мысалы, Дархан өзінің концертінде соның бірқатарын орындайды. Әр әнші тек өзінің туған өңіріне арналған әнмен шектелмеу керек деп ойлаймын. Содан кейін жершілдік, рушылдық деген жаман қасиеттен ада болған жөн.
– «Арайлы Астана» әнінің елордадағы балабақша бағына атау болуы – сирек кездесетін жағдай. Бұл жаңалықты алғаш естігенде қандай әсерде болдыңыз?
– Қуандым. Бұл ән 2016 жылы жазылған. Алғашқы атауы «Астана» болған. Концертімде енді жарыққа шығарайын деп жүргенде қаланың атауы «Нұр-Сұлтан» болып ауысқан соң әнді шығаруға асықпадым. Кейін қала атауы қайтадан Астана болған кезде ән «Арайлы Астана» болып тыңдарманға жол тартты. №84 Кәусар балабақшасының меңгерушісі Балауса Қайырғалиева қай жерге қызметке орналасса, сол жерде жаңалық ашып жүретін білікті маман екен. Сөйтіп жаңа балабақшаға басшылыққа барғанында бүлдіршіндерге осы әнді үйретіп жүрген екен. Кейін сол әнге балабақшада «Арайлы Астана» бағы ашылыпты. Меніңше, бұл – балалар арайлап өссін, қазақтың болашағы жарқын болсын деген ниеттен туған шешім.
– Елордалық мектепте әндеріңізді талдап, арнайы семинар өткізілді. Жалпы, ән мен поэзия арқылы тәрбие беру қаншалықты тиімді?
– Өте тиімді. Қазақ бесік жыры арқылы-ақ ұлттық сананы сіңірген халық. Өкінішке қарай кейін бесік жыры азайды. Қазір жырды бәрі бірдей айта бермейді. Ал ән тез жетеді. Ән арқылы сіңген дүние адамның санасында қалады.
Сол себепті Астана қаласының Білім басқармасы ұйымдастырған семинарда мұғалімдер менің патриоттық, тәрбиелік мәні бар әндерімді талдап, болашақта оқу бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс айтты.
– Сіз ұзақ жылдан бері жас вокалистермен жұмыс істеп келесіз. Бүгінгі жастардың музыкаға көзқарасы қандай? Ұлттық бояуы бар әндерге қызығушылық бар ма?
– Соңғы отыз жылда біраз босаңсу болды. Бірақ кейін жастарда ұлттық дүниеге бетбұрыс байқалды. Домбыраға, қазақы әнге қызығушылық артып келеді.
Әрине, бұл әлі жеткілікті деңгейде емес. Бірақ қазір ұстаздар да, ата-аналар да дұрыс ән іздей бастады. Бұл жақсы үрдіс.
– Әндеріңізді сатасыз ба? Қаншаға бағалайсыз?
– Жоқ, сатпаймын. Оны сатқаннан маған не пайда? Әрине, кейде ырымын жасап жататындар бар. Бірақ мен үшін ән сауда емес.
Бірде Алтынай Жорабаева қарындасым «Бір бәйтерек, бір шынар» әнінің бағасын сұрады. Сонда оның ниетіне рақметімді айтып: «Қазақ ата-анасын сата ма?» дедім. Өйткені ол әннің мақсаты – ата-ананы құрметтеуге шақыру.
– Жалпы ән шығару сіз үшін кәсіп емес, ұрпақ тәрбиесі ме?
– Иә. Бұл – ұлтқа қызмет.
– Қазір әлеуметтік желі мен тренд дәуірінде терең мазмұнды әндердің өмірі қысқарып бара жатқандай көрінеді. Осындай кезеңде сапалы әнді сақтап қалудың жолы неде деп ойлайсыз?
– Жақсы дүние өлмейді. Бірақ оны насихаттайтын адамдар керек. Сол үшін шәкірт тәрбиелеп жүрмін.
Бұрынғы классикалық әндер неге қалды? Өйткені олар халықтың жанына жақын болды. Қазір де сондай дүниелер керек.
– Қазіргі қазақ тойына реформа керек деп ойлайсыз ба?
– Қазақта негізі екі-ақ үлкен той болған: қыз ұзату мен үйлену тойы. Қазір кішкентай іс-шаралардың бәрін үлкен даңғазаға айналдырып жібердік.
Той адамның шамасына қарай болуы керек. Қазір кейбір жастарға ата-анасы кредит алып, той жасап жатады. Ол дұрыс емес.
Тағы бір мәселе – қазір тойға адамдар шынайы ниетпен емес, есеппен баратын сияқты. Бір тойға кіріп, екіншісіне кетіп жатады. Бұрын ет жақын адамдар басынан аяғына дейін отырып, шын көңілмен қатысатын.
– Өнер адамдарының тойдан қолы босамай кеткені де жиі айтылады...
– Иә. Бұрын үлкен әншілерді халық сахнадан сағынып күтетін. Қазір көп өнерпаз екі күннің бірінде тойда жүреді. Әрине, заманның талабы шығар. Бірақ өнер адамының қадірі биік болуы керек деп ойлаймын.
– Сіз жазған әндердің ішінде өзіңізге ерекше қымбат, тағдырыңызбен астасып кеткен туынды қайсысы?
– Барлық әнім маған қымбат. Бірақ халықпен көбірек үндескендері – «Бір бәйтерек, бір шынар», «Баласы жақсы болса...» сияқты әндер.
Әр ән белгілі бір мақсатпен жазылады. Егер сол мақсатына қызмет етіп жатса, мен үшін одан асқан қуаныш жоқ.
– Бүгінгі қазақ музыкасына қарап, ертеңге қандай үмітпен қарайсыз? Ұлттық өнердің болашағына көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ тілі қазақ елінде үстемдік құрса, қазақ өнері өлмейді. Мен қазақтың болашағына сенемін. Бірақ өнер адамы ұлтшыл болуы керек. Өйткені танымал адамның айтқан дүниесі халыққа әсер етеді.
Ұлтқа пайдасы тиетін дүние жазу керек. Халықтың арманын, қуанышын, күйзелісін әнмен көркемдеп жеткізу – композитордың міндеті.
– Мәдениет қызметкерлері күні – сахнадағы еңбек ететін өнер саласының өкілдеріне ортақ мереке. Сіздіңше, қоғам мәдениет адамдарының еңбегін жеткілікті деңгейде бағалап жүр ме?
– Толық бағаланып жатыр деп айта алмаймын. Негізі мәдениет халықты тәрбиелеуі керек. Мәдениет үйі – рухани орталық болуы тиіс.
Мәдениет саласына басшылыққа жағу үшін емес, салаға шын жанашыр, бағдарламамен жұмыс істейтін мамандар көбірек келсе екен деймін. Өнер адамдарының жағдайын жақсарту қажет. Өйткені руханият мықты болмай, ұлт та толық күшеймейді.
– Сұхбатыңызға рақмет!