Елордада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

Бүгін, 15:18
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 17-25 мамыр аралығында өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылар арасында жол тәртібін арттыру, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара аясында Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударуда.

«Іс-шара басталғалы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 150 дерегі, көлік басқару кезінде ұялы телефон немесе радиостанция пайдаланудың 100 дерегі, сондай-ақ көлік жүргізу құқығы жоқ тұлғалардың көлік басқаруының 14 дерегі және өзге де құқық бұзушылықтар анықталды.

Мәселен, патрульдеу барысында полицейлер 61 жастағы ер адамның басқаруындағы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде көлік құралының алдыңғы әйнектеріне заңнамада тыйым салынған қорғаныш қаптамасы жапсырылғаны анықталды.

Аталған факті бойынша жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.

Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жеке жауапкершілікті ұмытпауға және жол-көлік оқиғаларына әкеліп, қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

Еске сала кетейік, елордада полиция аялдама павильонын бүлдірген құқық бұзушыны анықтады.