Жылқы – тек мал емес, өркениет өзегі: Астанада «Жылқы түлігі» кітабы таныстырылды
«Елдік кеңес» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға кітап авторлары «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының Шығыс Қазақстан өңірінің мәдениеті мен тарихын балама зерделеу жобасының жетекшісі Айбек Кәрімов пен жылқы зерттеуші ғалым, ҚазҰАЗУ профессоры Қайрат Исхан және Мәжіліс депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар қатысты.

Жиын барысында Айбек Кәрімов «Жылқы түлігі» жинағын әзірлеудің ғылыми және тарихи негіздеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, еңбек көшпелі өркениеттің мәдени кодын қайта зерделеу қажеттілігінен туындаған.
«Көшпелі өркениеттің мәдени көріністері Алтайдан бастап ұшы-қиыр Еуразия даласына дейін ерте кезеңнен қалыптасқанын көне түрік жазба ескерткіштері мен археологиялық деректер айқын көрсетеді. Орхон-Енисей жазбалары түркі халықтарының саяси құрылымы мен тарихи жады туралы құнды мәлімет береді. Ал петроглифтердегі жылқы бейнесі – сол өркениеттің көркем әрі тарихи шындығының айғағы. Осы деректердің барлығы жылқының тек шаруашылық құралы емес, тұтас өркениеттік жүйенің тірегі болғанын дәлелдейді», – деді Айбек Кәрімов.
Ол сондай-ақ Ботай мәдениетіне қатысты халықаралық зерттеулерді мысалға келтіріп, жылқыны қолға үйрету Еуразия тарихындағы ең ірі технологиялық және әлеуметтік өзгерістердің бірі болғанын атап өтті.
«Ботай қонысынан табылған мыңдаған жылқы сүйектері мен қыш ыдыстардағы сүт қалдықтары бұл жерде жылқы тек ауланып қана қоймай, шаруашылықта кеңінен пайдаланылғанын көрсетеді. Бұл – адамзат тарихындағы қозғалыс мәдениетінің түбегейлі өзгеруіне себеп болған фактор», – деді ол.

Ал өз кезегінде кітаптың мазмұндық құрылымына тоқталған Қайрат Исхан «Жылқы түлігі» жинағының ғылыми негізі мен практикалық маңызына назар аударды. Оның айтуынша, еңбек тек теориялық зерттеу емес, сонымен қатар аграрлық саланы дамытуға бағытталған кешенді көзқарас ұсынады.
«Бұл кітаптың басты ерекшелігі – жылқыны бір ғана бағытта емес, кешенді жүйе ретінде қарастыруында. Біз оны тарихи, биологиялық, зоотехникалық және мәдени қырынан қатар қарастырдық. Жылқы шаруашылығы тек селекция немесе мал өсіру мәселесі емес, ол – тұтас ғылыми сала. Сондықтан кітапта анатомия, физиология, азықтандыру, ветеринария және селекциялық жұмыстар қатар қамтылған», – деді профессор.

Ғалым қазіргі таңда Қазақстанда жылқы шаруашылығының ғылыми инфрақұрылымын дамыту қажеттігін де атап өтті.
«Бүгінде елде жылқы шаруашылығына арналған арнайы ғылыми кафедралар мен мамандар жеткіліксіз. Ал бұл салада жүйелі жұмыс болмаса, асыл тұқымды жылқыны сақтау да, дамыту да қиын. Сондықтан бізге аграрлық білім мен ғылыми зерттеулерді күшейту қажет», – деді ол.

Сонымен қатар Қайрат Исхан жылқының қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталып, оның тек экономикалық емес, рухани мәні де ерекше екенін айтты.
«Жылқы – қазақтың болмысына сіңген тіршілік иесі. Ол тек көлік немесе өнім көзі емес, мәдени кодтың бір бөлігі. Қобыздың қыл ішегі, ұлттық тағам мәдениеті, ат спорты – мұның бәрі жылқымен тікелей байланысты. Сондықтан жылқыны зерттеу – қазақ өркениетін зерттеу деген сөз», – деді ғалым.

Жиын барысында қатысушылар ғылыми-танымдық кітапқа қатысты пікір алмасып, жылқы шаруашылығын дамыту және оны ғылыми тұрғыдан жүйелеу мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беру керектігін айтқан болатын.