Астанада қоғамдық көліктерге рейд өткізілді: 100 жолаушының 40-ы жолақысын төлемейді

Бүгін, 16:13
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада қоғамдық көліктерге рейд өткізілді: 100 жолаушының 40-ы жолақысын төлемейді
Фото: №1 Автобус паркі

«№1 Автобус паркі» АҚ Астана қаласы бойынша қоғамдық көлікте жолақысын төлеу тәртібін бақылауға бағытталған рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz автопарктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Рейдке автобус паркінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері және әкімшілік полиция қызметкерлері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – жолақысын төлемейтін жолаушылар санын азайту, төлем мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық көлік саласы қызметкерлерінің еңбегіне құрметті арттыру.

Бүгінде қоғамдық көлікте жолаушылардың едәуір бөлігі жеңілдікпен тасымалданады. 2025 жылдан бүгінге дейін «№1 Автобус паркі» АҚ 169 миллионнан астам жолаушы тасымалдаса, оның 53 миллионға жуығы жеңілдік жасалатын әлеуметтік санаттағы азаматтар.

Соған қарамастан, қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтін жолаушылар әлі де кездеседі. Рейд барысында бірнеше автобус тексеріліп, жолақысын төлемеген жолаушылар анықталды. Оларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

Желілік бауылау бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Серікбекқызының сөзінше соңғы мәліметтер бойынша автобусқа кірген 100 жолаушының 40-ы жолақысын төлемейді.

«Қазір біздің №1 автобус паркінде 1700-ден астам жүргізуші бар. Күніне 830-дан астам автобус линияға шығады», деді ол. 

Астана қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұралы Тәңірбергенов жолақысын төлеуден жалтарған жолаушыларға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертті. 

«Алматы ауданы бойынша күніне 2-3 факті тіркеліп отырады», деді полиция майоры.

Рейд нәтижесінде 20-дан астам жолаушы ескерту арқылы жолақысын төледі. Қала бойынша бақылау жұмыстары кешке дейін жалғасып, қоғамдық көлікте тәртіп пен төлем мәдениетін күшейтуге бағытталды.

Еске салсақ, елордада екі автобустың қозғалыс бағыты өзгерді.