Алтын Орда тарихын терең түсінудің болашағы осындай кешенді ғылыми тәсілде деп сенемін - Мақсат Жабағин

Бүгін, 14:38
Дильназ Болат Дильназ Болат
Алтын Орда тарихын терең түсінудің болашағы осындай кешенді ғылыми тәсілде деп сенемін - Мақсат Жабағин
Фото: Мақсат Жабағин/Facebook

Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин Астанада Президенттің қатысуымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» атты халықаралық симпозиумы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Симпозиум атауында тарих, археология және мәдениетпен қатар бірегейлік (идентичность) ұғымының арнайы көрсетілуі өте маңызды.

Орталық Еуразия халықтарының тарихи болмысын, этногенезін және өзара байланыстарын олардың генетикалық тарихын зерттемей толық түсіну мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, түркі халықтары мен Орталық Азия генофондын, ежелгі ДНҚ-ны және популяциялық генетиканы зерттеу қазіргі заманғы пәнаралық ғылымның маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.

Президент өз сөзінде Алтын Орданың тарихын жүйелі, жан-жақты әрі объективті зерттеудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы бұл мұраның тек бір халыққа немесе бір мемлекетке ғана емес, бүкіл адамзат тарихына ортақ екенін ерекше айтты. Сонымен қатар тарихты алауыздық құралына айналдырмай, халықтарды жақындастыратын «алтын көпір» ретінде қарастыру қажет деген ойы ғылым үшін де аса маңызды ұстаным. Бұл ашық халықаралық ынтымақтастыққа негізделген, дәлелге сүйенетін ғылымның қағидасы.

Президент сондай-ақ Қазақстанда Жошы Ұлысын зерттеу жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті: Жошы Ұлысын зерттеу институты құрылды, Қазақстанның жаңа академиялық тарихында Алтын Ордаға арнайы том арналмақ, ал бұл бағыттағы зерттеулер халықаралық ғылыми ынтымақтастық арқылы дамуы тиіс екенін айтты», - деді ол.

Спикер ,сонымен бірге, тарихи мұраны заманауи технологиялармен және ғылыммен ұштастыру қажеттігі де ерекше екеніне тоқталды .

«Осы орайда симпозиумда біздің халықаралық ғылыми зерттеулеріміздің нәтижелерін таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, АҚШ-тағы әріптестерім әрі достарым - Дэниел Табин мен Гермес Тэйлордың осы симпозиумға қатысып отырғанына қуаныштымын. Осындай алаңдар тарих, археология, антропология және генетика ғылымдарының өзара тоғысуына мүмкіндік береді.

Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын терең түсінудің болашағы дәл осындай кешенді ғылыми тәсілде деп сенемін. Жазба деректерді, археологиялық материалдарды, мәдени зерттеулерді және генетикалық мәліметтерді біріктіру арқылы ғана біз Орталық Еуразия халықтарының қалыптасу тарихын тереңірек түсіне аламыз», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.