Наурыз Сайлаубай: Алтын Орда мұрасы – халықаралық ынтымақтастықтың рухани негізі
Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Алтын Орда мұрасының қазіргі кезеңдегі тарихи және гуманитарлық маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Алтын Орда мұрасы – тек өткен тарихтың белгісі емес, бүгінгі интеграция мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызды рухани және тарихи негізі.
Алтын Орда дәуірінде Еуразия кеңістігінде сауда, мәдениет және өркениеттер арасындағы байланыс қарқынды дамыды. Ұлы дала арқылы өткен халықаралық сауда жолдары халықтарды жақындастырып, өзара экономикалық және мәдени ықпалдастықтың нығаюына жол ашты.
Бұл тарихи тәжірибе қазіргі кезеңде де өз маңызын сақтап отыр. Қазақстан өзара құрметке, мәдени диалогқа және бейбіт ынтымақтастыққа негізделген саясатты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Осы тұрғыда Алтын Орда мұрасы халықтарды жақындастыратын, ортақ тарихи құндылықтарды дәріптейтін маңызды гуманитарлық дипломатия құралына айналуда», – деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, Алтын Орда тарихын зерттеу – өткенді танумен қатар, болашақтағы өзара түсіністік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі.
«Халықаралық симпозиум өткізу ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай бастамалар археология, тарих және мәдениеттану салаларындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жас зерттеушілердің қызығушылығын арттыруға және ортақ тарихи мұраны терең зерделеуге жол ашады.
Алтын Орда тарихын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашақтағы ынтымақ пен өзара түсіністікті нығайтудың да маңызды қадамы», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Президент өз сөзінде Алтын Орда жылнамасы адамзатқа ортақ тарих екенін айтқан болатын.