Алтын Орда симпозиумы: Раиса Қадыр Мари Фаверо еңбегінің қазақша нұсқасын таныстырды
Баспагер Раиса Қадыр Президенттің қатысуымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық симпозиум туралы пікірі білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астанада өткен «Алтын Орда: дала өркениетінің үлгісі. Тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Ұлық Ұлыстың, Жошы Ұлысының және Алтын Орданың Қазақстан тарихындағы айрықша орнын ерекше атап өтті.
Президент Алтын Орда тарихы біздің ұлттық жадымыздың, мемлекеттілік дәстүріміздің және өркениеттік болмысымыздың ажырамас бөлігі екенін айтты. Бұл ой – біз үшін, әлемдік тарихи еңбектерді қазақ тіліне аударып, оқырманға жеткізіп жүрген баспа ретінде өте маңызды әрі қуанышты жаңалық», – деп жазды Раиса Қадыр Facebook парақшасында.
Бұл ретте ол Steppe & World Publishing баспа үйі Мари Фавероның әлемге танылған «The Horde: How the Mongols Changed the World» атты әйгілі еңбегін қазақ тіліне аударып шығарғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазақ оқырманына бұл кітап «Алтын Орда: дала империясы әлемді қалай өзгертті» деген атаумен жол тартып отыр.
«Мари Фаверо – француз тарихшысы, жазушы, ортағасырлық Еуразия, Моңғол империясы, Жошы Ұлысы және Алтын Орда тарихын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан көрнекті ғалым. Оның еңбектері Алтын Орданы тек әскери күш немесе жаулап алушы империя ретінде емес, Еуразия кеңістігіндегі сауда, дипломатия, басқару, мәдени алмасу және саяси сабақтастық жүйесі ретінде қарастыруымен құнды.
«The Horde: How the Mongols Changed the World» кітабы 2021 жылы Harvard University Press баспасынан жарық көріп, әлемдік ғылыми ортада жоғары бағаланды. Кітап Cundill History Prize сыйлығына ұсынылды, әлемдік тарих саласындағы беделді марапаттар тізіміне еніп, бірнеше басылым тарапынан жылдың маңызды кітаптарының бірі ретінде аталды», – деді баспагер.
Сонымен қатар баспагер бұл еңбектің Алтын Орда тарихына жаңаша көзқарас ұсынатынын атап өтті.
«Мари Фаверо Алтын Орданы тарихтың шетінде қалған, кездейсоқ құрылған немесе тек қиратушы күш болған мемлекет ретінде емес, Еуразиядағы ұзақ өмір сүрген, күрделі, икемді әрі ықпалды саяси құрылым ретінде көрсетеді. Автор Жошы әулетінің билігі, даладағы басқару дәстүрі, көшпелі мемлекеттілік, сауда жолдары, дипломатиялық қатынастар, қалалармен байланыс, исламдану үдерісі және Алтын Орданың кейінгі мемлекеттерге қалдырған мұрасын кең әрі терең талдайды.
Қазақстан үшін бұл кітаптың маңызы ерекше. Алтын Орда тарихы біз үшін сырттан қаралатын тақырып емес. Бұл – біздің тарихи жадымызға, мемлекеттілік дәстүрімізге, Ұлы дала өркениетіне және Қазақ хандығының қалыптасу тарихына тікелей қатысты үлкен мұра.
Ұзақ уақыт бойы Алтын Орда туралы түсінік көбіне сыртқы дереккөздер, отырықшы өркениеттердің көзқарасы немесе империялық тарихнамалар арқылы қалыптасты. Сол себепті бұл тарих кейде біржақты, кейде үстірт, кейде бұрмаланған түрде түсіндірілді», – деді Расиса Қадыр.
Оның айтуынша, Мари Фавероның еңбегі осы қалыптасқан тар түсініктерді кеңейтеді. Ол Алтын Орданы әлемдік тарихтың белсенді қатысушысы ретінде, Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени дамуына зор ықпал еткен өркениеттік күш ретінде көрсетеді.
«Президент Алтын Орда тарихын зерттеу, тану және әлемге таныту ісінің маңызын ерекше атап өткен күні, біз осы үлкен тарихи әңгімеге өз үлесімізді қосып отырғанымызды мақтан тұтамыз.
Мари Фавероның «Алтын Орда» кітабы қазақ оқырманына Ұлық Ұлыс тарихын жаңа қырынан түсінуге, дала өркениетінің әлем тарихындағы орнын тереңірек пайымдауға және өз тарихымызға үлкен сеніммен қарауға көмектеседі деп сенеміз», – деді ол.