«Жылқыда өт бар»: Қайрат Исхан жылқы анатомиясын ғылыми тұрғыда түсіндірді
Астанада өткен «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық кітабының таныстырылымы аясында жылқытанушы ғалым, ҚазҰАЗУ профессоры, кітап авторларының бірі Қайрат Исхан жылқы анатомиясы мен физиологиясына қатысты қоғамда жиі кездесетін жаңсақ пікірлерге ғылыми түсіндірме берді, деп хабарлайды ElordaInfo.kz.
Ғалымның айтуынша, жылқыға қатысты «он екі қабырға бар», «жылқыда өт жоқ», «жылқыда асық жоқ» деген пікірлер ғылыми анатомиямен сәйкес келмейді.
«Жылқының әр жағында 18 қабырға болады, яғни екі жағынан есептегенде 36 қабырға. Қабырғалар омыртқаға тікелей бекітілген, сондықтан бұл – толық анатомиялық жүйе. Бұл дерек физиология мен анатомия ғылымында нақты дәлелденген», – деді Қайрат Исхан.
Ғалым сондай-ақ жылқыда өттің бар екенін, тек оның анатомиялық орналасуына байланысты сырт көзге бірден байқалмайтынын атап өтті.
«Жылқыда өт жоқ деген түсінік дұрыс емес. Ас қорыту жүйесі бар жерде өт міндетті түрде болады. Жылқыда өт бауырмен және өт жолдарымен толық байланысқан, тек құрылымдық ерекшелігіне байланысты көрінбейді», – деді ол.
Қайрат Исханның айтуынша, «жылқыда асық жоқ» деген пікір де шындыққа жанаспайды.
«Жылқыда да асыққа ұқсас сүйек құрылымдары бар. Ол қойдағы классикалық асықпен бірдей емес, бірақ қозғалыс биомеханикасына бейімделген сүйек элементтері ретінде қызмет атқарады», – деді ғалым.
Оның пікірінше, мұндай қате түсініктер анатомия мен физиологияның үстірт түсіндірілуінен туындайды. Сондықтан жылқыны тек халықтық пайыммен емес, ғылыми негізде қарастыру қажет.
Сонымен қатар Қайрат Исхан жылқының қазақ дүниетанымындағы орнына да тоқталды. Оның айтуынша, жылқы – тек шаруашылық малы емес, көшпелі өркениеттің мәдени коды.

Жиында айтылғандай, Семей өңіріндегі Шұбартау аймағынан табылған петроглифтерде жылқыны қолға үйрету, құрық салу көріністері бейнеленген. Бұл – жылқы мәдениетінің неолит дәуірінен бастап қалыптасқанын көрсететін маңызды археологиялық деректердің бірі.
Ғалымдар жылқы тарихын зерттеуде зоотехния, ветеринария, анатомия және тарих ғылымдарын кешенді түрде біріктіру қажет екенін айтады. Осы ұстаным «Жылқы түлігі» жинағында да негізге алынған.

Бұған дейін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық кітабының таныстырылымы өткенін жазғанбыз.