Терек мамығымен күрес: Астанада санитарлық тазалық күшейтілді

Терек мамығымен күрес: Астанада санитарлық тазалық күшейтілді
Фото: видеодан скрин

Астана қаласында терек мамығының ұшу маусымына байланысты санитарлық тазалық жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қала көшелерінде мамықтың таралуын азайту және қолайлы санитарлық жағдайды сақтау мақсатында арнайы техника толық жұмылдырылған. Қазіргі уақытта бұл жұмысқа 20 су себетін арнайы техника, 20 вакуумды-шаңсорғыш техника тартылған. Сондай-ақ тәулігіне шамамен 800-1 000 текше метр су пайдаланылады.

Жұмыс барысында су себу әдісі арқылы ағаштарда және ауада жиналған мамық төмен түсіріледі. Кейін жерге түскен мамық ылғалданып, бір орында шоғырланады. Содан кейін вакуумды-шаңсорғыш техника арқылы көшелер мен тротуарлардан жиналып, арнайы орындарға шығарылады.

Тазалық жұмыстары негізінен түнгі және таңғы уақытта, көлік қозғалысы аз кезеңдерде жүргізіледі.

Арнайы бригадалар магистральдарда, тұрғын үй аулаларында, мектептер мен саябақтар маңында, сондай-ақ жел екпіні жоғары аймақтарда жүйелі жұмыс атқарып жатыр.

Мамандардың айтуынша, атқарылып жатқан кешенді шаралар қаладағы мамық мөлшерін азайтуға, ауаның тазалығын сақтауға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты бақылау аясында жалғасады.

Бұған дейін «Астана Тазалық» машинистері жұмысқа кіріспес бұрын заманауи аппараттан тексерістен өтетінін жаздық.