Халықаралық симпозиумда Алтын Орда тарихы кеңінен талқыланды - тарихшы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов Астана қаласында Президенттің қатысуымен өткен «Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық симпозиум туралы пікірі білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен «Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Алтын Орданың Еуразия тарихындағы ерекше орнына тоқталды. Президент бұл мемлекеттің Ұлы дала өркениетінің маңызды бөлігі болғанын айтып, оның мемлекеттік басқару жүйесі, сауда-саттық пен мәдени байланыстарды дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Алтын Орданың тарихын жаңаша пайымдап, ғылыми тұрғыдан терең зерттеу қажет екенін жеткізді.
Президент Қ.К. Тоқаев өз сөзінде: «Алтын Орда - Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя» екенін айтты. Сондай-ақ ол бұл тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттаудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда - Ұлы далада үстемдік құрған қуатты мемлекет әрі қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздерінің бірі. Ол бұл мұраны ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, халықаралық деңгейде насихаттау маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның Алтын Орда мұрасын зерделеудің халықаралық орталығына айналуға ұмтылатынын жеткізді», - деді ол.
Сондай-ақ, тарихшы халықаралық симпозиумда ғалымдар Алтын Орданың Еуразия тарихындағы ерекше рөлін атап өткеніне тоқталды.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына берген пікірлерінде олар бұл жиынның тарихи сананы жаңғыртуға және қазақ мемлекеттілігінің тамырын тереңірек тануға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар, зерттеушілер Алтын Орданы тек әскери мемлекет емес, мәдениет пен ғылым дамыған ірі өркениет ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді. Симпозиумға қатысқан әлем елдерінен тарихшылар, археологтар мен түркітанушылар қатысып, ортағасырлық дала өркениетінің мұрасы жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Алтын Орда халықаралық симпозиумы болашақта Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігі үшін маңызды ғылыми және мәдени алаңға айналуы мүмкін. Симпозиумға 20-дан астам елден тарихшылар, археологтар, түркітанушылар, шығыстанушылар мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуы оның халықаралық деңгейдегі ықпалын күшейтеді», - деді Қанат Еңсенов.