Задаш Дүкенбаева: Алтын Орда мұрасын зерттеу арқылы түркі әлемінің мәдени және рухани байланысын тереңірек түсінеміз

Бүгін, 11:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Задаш Дүкенбаева: Алтын Орда мұрасын зерттеу арқылы түркі әлемінің мәдени және рухани байланысын тереңірек түсінеміз
Фото: Задаш Дукенбаеваның жеке архивінен

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Задаш Дүкенбаева Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға қатысып, алқалы жиынның маңыздылығы туралы пікір білдірді,  деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Ең алдымен, бұл форумды тек ғылыми жиын ретінде ғана емес, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған стратегиялық алаң ретінде бағалау қажет деп ойлаймын. Алтын Орда мәселесі ұзақ уақыт бойы көбіне тар шеңбердегі академиялық зерттеулер аясында қарастырылып келді. Ал қазіргі кезеңде бұл тақырып мемлекетшілдік дәстүр, тарихи сабақтастық және Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістер контексінде жаңаша зерделене бастады.

Президенттің форумға қатысуы - тарихи мұра мәселесінің мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық әрі ғылыми маңызын көрсететін маңызды фактор. Бұл өз кезегінде тарих ғылымына деген қоғамдық қызығушылықты арттырып қана қоймай, ортағасырлық дала өркениетін кешенді зерттеуге жаңа серпін береді.

Алтын Орда - қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларын түсіндіретін негізгі саяси құрылымдардың бірі. Қазақ хандығы аяқ астынан пайда болған мемлекет емес. Оның саяси дәстүрлері, басқару жүйесі, құқықтық мәдениеті, дипломатиялық тәжірибесі Алтын Орда дәуірімен тікелей байланысты.

Қазіргі тарихнамада Алтын Орда тек әскери-саяси империя ретінде емес, кең ауқымды мәдени және өркениеттік феномен ретінде қарастырылады. Бұл мемлекет Еуразия кеңістігіндегі сауда, дипломатия, ислам мәдениеті, қала өркениеті және этносаралық байланыстардың дамуына үлкен ықпал етті. Сондықтан Алтын Орда тарихын зерттеу - тек өткенді тану ғана емес, қазақ халқының тарихи жадын, мемлекетшілдік дәстүрін және ұлттық бірегейлігін терең түсінудің маңызды бағыттары», - деді ол.

Задаш Оразғалиқызы Президентіміздің қатысуымен өткен Халықаралық ғылыми форум барысында  бірнеше маңызды ғылыми бағыттар айқын көрінгеніне назар аударды.

«Біріншіден, Алтын Орданың халықаралық сауда және дипломатиялық жүйедегі рөліне қатысты зерттеулер кеңінен талқыланды. Бұл мемлекет ортағасырлық әлемдегі Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі геосаяси орталық болғаны тағы бір мәрте дәлелденді.

Екіншіден, этномәдени сабақтастық мәселесі ерекше назар аудартты. Түркі халықтарының тарихи байланыстары, ортақ мәдени кодтары, рухани мұрасы қазіргі гуманитарлық ғылымдардың маңызды бағытына айналып отыр.

Үшіншіден, қазіргі тарих ғылымында пәнаралық зерттеу әдістерінің маңызы артып келеді. Археология, антропология, генетика, жазба деректер және цифрлық гуманитаристика бағыттарының бірлесуі Алтын Орда тарихын жаңа деңгейде зерттеуге мүмкіндіктер береді.

Осындай халықаралық ғылыми форумдар тек академиялық орта үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де маңызды. Себебі тарихи мұра - ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі.

Бүгінгі таңда жаһандану жағдайында тарихи жадты сақтау мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Сондықтан Алтын Орда мұрасын зерттеу арқылы біз тек ортағасырлық тарихты емес, қазіргі түркі әлемінің мәдени және рухани байланыстарын да тереңірек түсіне аламыз.

Алдағы уақытта мұндай ғылыми алаңдар халықаралық архивтік жобалардың, бірлескен экспедициялардың және жаңа ғылыми мектептердің қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін», - деп пікір білдірді профессор.