Ерлан Саиров: Алтын Орда мұрасы – Қазақстанның тарихи бірегейлігінің маңызды бөлігі
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Ерлан Саиров Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның өзектілігі туралы әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Алтын Орда Қазақ хандығының тарихи негізін қалаған және қазақ халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Дәл осы кезеңде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі қалыптасып, мемлекеттілік, сауда, мәдениет және дипломатия қарқынды дамыды. Мемлекет басшысы тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Алтын Орданың рәміздері мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда. Атап айтқанда, Президент резиденциясының «Ақ Орда» атауы тарихи тұрғыдан Жошы Ұлысы билеушілерінің ордасымен байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады», - деді ол.
Мәжіліс депутаты осыған орай 2026 жылы Алтын Орда тарихымен байланысты үш маңызды дата атап өтілетінін еске салды: Бұл:
-«Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
-Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
-Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.
«Симпозиум өткізу қоғамның, әсіресе жастардың, отандық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Алтын Орда тарихын зерттеу түрлі этностардың, діндер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің тарихи үлгісі ретінде ерекше өзектілікке ие», - деп жазды депутат.