Дархан Қыдырәлі: Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихын жаңаша пайымдауға шақырды

Бүгін, 10:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Дархан Қыдырәлі: Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихын жаңаша пайымдауға шақырды
Фото: facebook.com/darhan.hidirali

Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желіде Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумнан алған әсерімен бөлісіп, ауқымды халықаралық жиында көтерілген мәселелердің өзектілігіне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Әлемнің 20-дан астам елінен белгілі ғалымдар - тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар мен түркологтар қатысқан алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы: «Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих. Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді» деп атап көрсетті. 

«Алтын Орда тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек» деген Қазақстан Президенті тарихшылар мен мамандарды Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрін, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасын, алып өркениеттің қыр-сырын толық ашуға шақырды.
 
Ғылым және  жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тізгін ұстаған жиында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығы директоры, ЮНЕСКО экс Бас директоры, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Татарстанның Мәдениет министрі, Өзбекстан мен Моңғолияның Ұлттық Ғылым академияларының президенттері және тағы басқа мәртебелі меймандар сөз сөйледі», - деді ол.

Сенатор алқалы жиында сөз болған келелі мәселелерге тоқтала келе, аталған симпозиумның депутатар үшін маңыздылығын да атап өтті. 

«Алтын Орда және Жошы ұлысы туралы сөздерді тыңдап отырып, Түркі академиясының 2015-2022 жылдары аралығында Пекин, Париж, Астана, Анкара, Баку, Бішкек, Ұлан батыр және Ұлытауда өткізген жиындары еске түсті. Әсіресе 2018 жылы ЮНЕСКО-ның Бас штаб-пәтерінде, Парижде арнайы жиын өткізген Академия осы бағытта 20-дан астам кітап шығарған еді. Сонымен қатар 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту жөнінде депутаттық сауал жолдап, бастама көтерген едік. Сондықтан бүгінгі жиынның біз үшін маңызы айрықша», - деді Дархан Қыдырәлі.