Астанада отандық өндірушілердің Ulttyq ónim ауқымды көрмесі өтеді

Бүгін, 17:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада отандық өндірушілердің Ulttyq ónim ауқымды көрмесі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында 22-24 мамыр күндері отандық өндірушілердің дәстүрлі Ulttyq ónim көрмесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дәстүрлі іс-шара биыл тоғызыншы рет өтеді. Ulttyq ónim – мемлекеттен қолдау алған қазақстандық компаниялардың өнімдері мен қызметтерін насихаттауға арналған ең ірі көрме алаңы. Мұнда қазақстандық өндірушілер, инвесторлар, мемлекеттік және қаржы институттар басшылары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар бас қосады.

Көрмені ұйымдастырушы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. Іс-шара Қазақстан Үкіметінің, Ұлттық экономика министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі. Ulttyq ónim Қазақстандағы шағын және орта бизнестің әлеуетін көрсететін негізгі алаңдардың бірі ретінде танылып келеді.

Көрме аясында компаниялар тамақ, жеңіл, ауыр және химия өнеркәсібі, жиһаз және құрылыс өндірісі, крафт индустрия және экономиканың басқа да салаларындағы өнімдер мен қызметтерін ұсынады. Жобаның басты мақсаты – отандық бизнесті қолдау, кооперацияны дамыту, жаңа серіктестер табу және қазақстандық өнімдердің өткізу нарығын кеңейту.

2026 жыл көрме тарихындағы ең ауқымдысы болмақ. Оған 600-ден астам компания қатысады. Бұл – былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Экспозиция аумағы мен салалар да айтарлықтай кеңейді. Мысалы биыл «Қызмет көрсету» санатындағы кәсіпкерлер де қатысады.

Көрмеде өндіріске ерекше назар аударылады, сонымен қатар өңірлерден қатысушылар саны артып келеді. Келушілер үшін live-аймақтар мен интерактивті форматтар ұйымдастырылып, нақты өндірістік процестерді көруге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар бизнесте – процестерді автоматтандырудан бастап бизнес-жоспарларды генерациялауға дейін жасанды интеллект қолдану бойынша шеберлік сабақтары өтеді.

Ulttyq ónim-2026 іскери бағдарламасы жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылардың, банк топ-менеджерлерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен өтетін панельдік сессияларды қамтиды. Негізгі тақырыптар – кәсіпкерлікті дамыту, қаржы алуға мүмкіндік беретін кепілдік құралдары, цифрландыру және жасанды интеллект енгізу.

Сонымен қатар көрме аясында B2B кездесулер, отандық киімдер топтамасынан сән көрсетілімі, танымал блогерлер мен әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама, «Халық таңдауы» онлайн-конкурсы және құнды сыйлықтар тігілген ұтыс ойыны ұйымдастырылады. Келушілер отандық өнімдерді тікелей, өндіруші бағасымен сатып ала алады.

Көрмеге кіру тегін. Қатысу үшін көрме ғимаратына кіреберісте немесе көрменің ресми сайтында онлайн тіркеу өту қажет.