Жақын күндері Астанада екі жаңа оқушылар сарайы пайдалануға беріледі

Жақын күндері Астанада екі жаңа оқушылар сарайы пайдалануға беріледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы жақын күндері пайдалануға берілетін екі жаңа оқушылар сарайының дайындығымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Tanym art» және «Tanym sport» кешендерінің әрқайсысы 750 орынға арналған.

Сарыарқа ауданындағы Ақан сері мен С189К көшелерінің қиылысында орналасқан «Tanym art» кешені балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Ал Алматы ауданындағы М. Төлебаев көшесінде орналасқан «Tanym sport» орталығында оқушылар спортпен шұғылданып, физикалық қабілетін шыңдай алады.

Жаңа орталықтарда балалар өнер, спорт, ғылым, техника және заманауи технологиялар бағытында қосымша білім алып, қызығушылығы мен қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл нысандар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Айта кетейік, жыл басында Астанада 750 орындық «Tanym» көпфункционалды кешені пайдалануға берілген болатын. Бүгінде ол балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, жаңа бағытты меңгеруіне мүмкіндік беретін білім беру орталығына айналды.

«Қала әкімдігінің қолдауымен елордада қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғаса бермек. Жаңа нысандардың ашылуы балалардың сапалы қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға ықпал етеді», делінген хабарламада.

 

Еске сала кетсек, 17 қазаннан бастап автобуста жүруге арналған атаулы мектеп және жеңілдік көлік картасын Tarlan Astana стансаларында рәсімдеуге болады.