Димаш Құдайбергеннің Voice Beyond Horizon жобасы 2 млрд-тан астам қаралым жинады

Димаш Құдайбергеннің Voice Beyond Horizon жобасы 2 млрд-тан астам қаралым жинады
Фото: dimashnews.com

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген бастамашы әрі атқарушы продюсер болған Voice Beyond Horizon жобасы 2 млрд-тан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazakh Tourism ұлттық компаниясына сілтеме жасап. 

Шоу 5 ақпаннан 23 сәуірге дейін көрсетілді. Жоба музыкалық шоу мен реалити-саяхат форматын тоғыстырды. «Voice Beyond Horizon» Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия сияқты 6 елден 8 орындаушының басын қосып, Ұлы Жібек жолының симфониясын әлемге паш етті.

Ауқымды түсірілім жұмысы — Астана, Алматы қалаларында және Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында өтті. Көрермендер еліміздің негізгі туристік орындарын: көне Түркістанды, Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізінің жағалауын, сонымен қатар Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, Бурабай ұлттық табиғи паркін тамашалады.

Жоба Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан астам Hunan TV телеарнасы мен Mango TV ірі цифрлық платформасында, ал Қазақстанда Qazaqstan ұлттық телеарнасында көрсетілді.

Эфирлік көрсетілім кезеңінде бағдарламаның барлық 11 шығарылымы телерейтингте бірінші орынға шықты. Интернет-арналардағы контенттің жалпы қаралым саны 2,36 миллиардқа жетсе, Mango TV платформасындағы қаралым 700 миллионнан асты. Жоба 474-тен астам рет ең көп талқыланған тақырыптар мен трендтер тізіміне енді.



Voice Beyond Horizon музыканың, мәдениет пен саяхаттың елдерді қалай жақындастыратынын және Қазақстанды әлемдік аудиторияға жаңа қырынан қалай танытуға болатынын көрсететін жарқын үлгіге айналды.

Айта кетерлігі, Қытай мен Қазақстанның алғашқы бірлескен Voice Beyond Horizon жобасы — әлемдегі ең ірі медиахолдингттің бірі қытайлық Hunan TV телеарнасымен бірге жүзеге асырылған ауқымды халықаралық музыкалық телешоу.

Еске сала кетсек, Қытайда Димаш Құдайбергенге продюсер ретінде алғашқы марапат табысталды.