5-8 қазан аралығында Түркістанда ТҮРКСОЙ халықаралық студенттік театр фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның шығармашылық ұжымдары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төрт күн бойы жас өнерпаздар өз қойылымдарын ұсынып, актерлік шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар түркі елдерінің сахна өнеріндегі ерекшеліктермен танысып, кәсіби тәжірибе алмасты.
«Фестиваль қорытындысында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері «Үздік классикалық спектакль» аталымында жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде сахналанған «Қарагөз» қойылымын жоғары бағалады», - делінген хабарламада.

Спектакльді «Драма театры және кино артисі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері сахналады. Қоюшы режиссері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали.

Еске салсақ, Астанада «Роза Бағланова» мюзиклі көрермен назарына ұсынылды.