Астананың «Байқоңыр» ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Вандализмге жол жоқ» акциясы өтті. Іс-шараға қатысқан жастар мен еріктілер Абай көшесіндегі ғимарат қабырғасына салынған заңсыз граффитиді өшірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Акцияны «Байқоңыр» ауданының Ішкі саясат бөлімі, аудандық полиция басқармасы және «Әділет» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырды.
Акцияның негізгі мақсаты – вандализмнің алдын алу, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және жастардың қала мүлкіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
«Әділет» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының консультанты Диана Жолмұхамбетова мұндай іс-шаралардың тұрғындар қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтты.
«Мұндай жазулар қаланың көркін бұзып қана қоймай, кейде есірткіге қатысты заңсыз жарнамаларды да қамтиды. Сондықтан біз қатарластарымыздың қауіпсіздігі үшін осындай акцияларға қатысып, қаламыздың таза әрі қауіпсіз болғанын қалаймыз. Ал ғимараттарға рұқсатсыз жазу жазатын адамдарға айтарым: бір сәт ойланыңыздар. Бұл – біреудің мүлкі. Егер шығармашылықпен айналысқыңыз келсе, оны арнайы рұқсат етілген орындарда жүзеге асырыңыздар», – деді ол.
Ал «Байқоңыр» ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков ауданда вандализмнің алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті.
«Биыл полиция қызметкерлерімен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтау және жою бойынша сегіз рейд өткіздік. Нәтижесінде осындай 12 жазу анықталып, өшірілді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді Арман Баянбеков.
Оның айтуынша, аудан аумағында заңсыз граффитилерді анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне жеті бейнебақылау камерасы орнатылған.

Аудан әкімдігі вандализмнің алдын алу және заңсыз жазуларды жою жұмыстарын полициямен және еріктілермен бірлесіп жалғастырмақ.
Еске сала кетсек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек вандализм жағдайларына байланысты үндеу жасады.



