Қазақстанда психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деген күдікке ілінген азамат Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті Алматы қаласы мен еліміздің басқа да өңірлерінде мефедрон өндіру және таратумен айналысқан қылмыстық топты құрған.
Ол 2021 жылдан бастап қаржыға мұқтаж адамдарды заңсыз әрекетке тартып отырған. Топ мүшелері психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, қаптау және тарату міндеттерін атқарған. Олардың жұмысы Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген.
2024 жылы күдіктінің нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Солардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде екі адам ауыр химиялық уланудан қайтыс болған.
Бас прокуратураның мәліметінше, осы оқиғадан кейін де топ жаңа адамдарды тартып, заңсыз әрекетін жалғастырған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірін анықтап, жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныш құралдары мен дайын өнім тәркіленді.
Күдікті 2025 жылдың шілдесінде Ресей аумағында ұсталған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалған.
Тағылған айыптар бойынша кінәсі дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері іздеуде жүрген үш адамды Қазақстанға ұстап бергені хабарланған еді.