Қазақстан 1,1 мыңнан астам жалған сертификаттың күшін жойды

Қазақстан 1,1 мыңнан астам жалған сертификаттың күшін жойды
Фото: freepik.com

Елімізде өнім қауіпсіздігі толық тексерілмей ел аумағына әкелінетін жалған сертификаттар мен сәйкестік декларацияларына бақылау күшейтілді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, мұндай заңбұзушылықтардың басым бөлігі көрші үш мемлекетте рәсімделген құжаттарға қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, мәселе жүйелі сипат алып, тұтынушы қауіпсіздігіне де, нарықтағы адал бәсекелестікке де тікелей әсер етіп отыр.

«Кейбір құжаттар өнімге қажетті сынақ жүргізілместен берілген. Бірқатар жағдайда сертификаттар тауарды нақты тексерусіз, қашықтан рәсімделген. Мұндай құжаттар Қазақстан нарығына өнімді ұзақ уақыт бойы бақылаусыз әкелуге мүмкіндік берген», – деді Бауыржан Қасымов.

Комитеттің дерегіне сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстан ЕАЭО елдері берген 1 113 сәйкестік сертификаты мен декларациясының күшін жойды. Оның ішінде 742 құжат, яғни заңбұзушылықтардың ең көп үлесі Қырғызстанға тиесілі. Салыстырмалы түрде Ресей бойынша 244, Беларусь бойынша 11 заңбұзушылық анықталған.

Тексеру барысында мамандар қауіпсіздік талабы мен таңбалау нормалары бұзылған өнімдерді анықтаған. Кейбір азық-түлік өнімдерінен ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылып, жекелеген тағамдық қоспаның мөлшерден артық екені белгілі болды. Сонымен қатар бірқатар тауар өндірілген күні мен сақтау шарты көрсетілмей сатылған.

Комитет мәліметінше, бұған дейін Қырғызстандағы жекелеген сертификаттау органдары арқылы өнім қауіпсіздігі нақты расталмай-ақ декларациялар жаппай рәсімделіп келген. Қазақстан тарапы араласқаннан кейін бұл бағыттағы жағдай өзгере бастаған.

«Біз қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп, осы саладағы тәртіпті күшейту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Қырғызстан заңнамаға өзгерістер енгізіп, декларацияларды тіркеу функциясын мемлекеттік ұйымға берді. Бұл құжаттарды заңсыз рәсімдеу мүмкіндігін айтарлықтай қысқартты», – деді Бауыржан Қасымов.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің материалдары негізінде Қырғыз тарапы сәйкестікті растау жөніндегі сегіз органның аккредиттеу аттестатын жойды. Аталған ұйымдар ЕАЭО-ның Бірыңғай тізілімінен шығарылды.

Сонымен қатар Қазақстан ішкі бақылауды да күшейтіп жатыр. Сәйкестікті бағалау рәсімдерінің барлығы «Е-КТРМ» жүйесі арқылы цифрландырылған. Ал мемлекеттік кірістер органдары тауарларды кедендік рәсімдеу кезінде құжаттарды тексеру талаптарын қатаңдатты. Міндетті рәсімдерден өтпей-ақ сертификат рәсімдеуді ұсынатын сайттар бұғатталып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда осындай 76 сайт бұғатталған.

Соңғы жағдайдың бірі Шымкент қаласында тіркелді. Германиядан шоколад глазурін әкелу кезінде мамандар Қырғызстанда рәсімделген, алайда ЕАЭО-ның Бірыңғай тізілімінде тіркелмеген сәйкестік декларациясын анықтады. Тексеру нәтижесінде аталған құжаттың күші жойылды.