Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді

Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Еліміздің барлық мектебіінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 млн-нан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам оқушы 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткер. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.

Министрліктің мәліметінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылда орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен көруге ұсынылатын фильмдер тізімі таныстырылады.

Ведомство мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

Ата-аналардан салтанатты іс-шараларға ақша жинауға, сыйлық талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарында ұйымдастырылады.

Еске сала кетсек, елімізде педагогтің оқушыларға тек оқу процесі кезінде ғана жауапты болуы заң жүзінде бекітілді.