ТЖМ құтқару операциясына арналған төртінші ұшаққа қол жеткізді

ТЖМ құтқару операциясына арналған төртінші ұшаққа қол жеткізді
Фото: ТЖМ

Өскемен әуежайында жаңа L-410 ұшағын пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Рашид Блялов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ директоры Нұрлан Дүйсебаев қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тұрғындарының көп бөлігі таулы және жетуі қиын аудандарда орналасқан өңір үшін L-410 ұшағының келуі ерекше маңызға ие. Бұл әуе кемесі төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету, іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу және санитарлық рейстерді орындау мүмкіндігін айтарлықтай арттырады», – деді ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Заманауи L-410 ұшағы 2,5 мың шақырымға дейін ұша алады. Ұшақ 6 100 метр биікке көтеріліп, 19 жолаушыны немесе 1,8 тонна жүк тасымалдауға қабілетті. Кабинасы дәл навигацияны және ұшу параметрлерін толық бақылауды қамтамасыз ететін заманауи Garmin 3000 авионикасымен жарақталған. Модель санитарлық авиацияға да бейімделген. Бортта ауыр науқастарды тасымалдауға арналған заманауи зембіл мен арнайы жүйе орнатылған.

Таяуда уақытта облыс әкімдігінің қолдауымен әуе кемесіне арналған ангар салынады. Экипаж Чехияда ұшақты шығарған Omnipol компаниясының  орталығында оқыды. Дайындық бағдарламасы ұшу және әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетуді қамтыды.

Еске сала кетсек, ТЖМ қызметкерлері тікұшақпен орман өртін сөндіруді пысықтады