Елордалық оқушыларға көшеде және қоғамдық көлікте жүру ережелері түсіндірілді
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында оқушыларға арнап профилактикалық түсіндіру іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Шараны Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы, қалалық Полиция департаменті және «City Transportation Systems» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі болды. Бір ай ішінде осындай кездесу елорданың 12 мектебінде өтті.
Оқушыларға полиция инспекторлары мен көлік компаниясы қызметкерлері арнайы сабақ ұйымдастырды. Мектеп оқушыларына жол жүру ережесі, көшеде және қоғамдық көлікте өзін қауіпсіз ұстау тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтылды. Әсіресе жол-көлік оқиғасының алдын алуға ерекше назар аударылды.

Интерактивті бөлім аясында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірге мектеп жанындағы автобус аялдамасы мен жаяу жүргіншілер өткеліне барып, жолдан қауіпсіз өту ережесін іс жүзінде көрсетті. Мұндай формат балаларға жылдам меңгеруге әсер етеді.
«City Transportation Systems» мамандары арнайы жабдықталған автобуста практикалық сабақ өткізді. Оқушылар қоғамдық көлікті пайдалану ережесімен танысып, көлік карталары арқылы жол ақысын дұрыс төлеуді үйренді және автобустардағы мінез-құлық мәдениеті туралы білді.

Еске сала кетсек, елорда прокурорлары оқушыларға интернет-алаяқтықтардан қалай қорғану керектігін үйретті.