«Шетелден келген көліктер тонировкамен жүреді, ал бізге неге болмайды?» - депутат ұсынысы

Бүгін, 12:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Шетелден келген көліктер тонировкамен жүреді, ал бізге неге болмайды?» - депутат ұсынысы
Фото: Magnific.соm

Respublica партиясынан сайланған ҚР Парламенті депутаты Олжас Құспеков Қазақстанда автокөліктерді ақылы түрде тонировкалауға рұқсат беріп, одан түсетін қаражатты жолдарды жөндеу мен дамытуға бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың айтуынша, мұндай тәсілдер Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламенті аясында бірқатар мемлекетте қолданылып келеді.

«Әйнектердің жарық өткізгіштігіне қойылатын талаптар ортақ. Кейбір елдер осы негізде арнайы рұқсат беру тетіктерін енгізген. Бұл Қазақстанда да осындай құралдарды қолдануға қажетті құқықтық негіздің бар екенін көрсетеді», - деді ол.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда көлік терезесін қараңғылау мәселесінде Қазақстан азаматтарына қатысты әділетсіз жағдай қалыптасқанын айтты.

«Бүгінде еліміздің жолдарында шетелдік нөмірлі және тонировкасы бар көліктер емін-еркін жүр. Оның ішінде заң бойынша тонировка рұқсат етілген.

Қытай мен Өзбекстаннан келген автокөліктер де бар. Олар әсіресе жаздың аптап ыстығында жайлы жағдайда қатынап жүр. Ал өз азаматтарымызға мүлдем басқа талап қойылады. Оның үстіне уақытша әкелінген көліктерге қатысты бұл мәселені заң жүзінде шешу мүмкін емес, себебі біздің шектеулер оларға қолданылмайды. Мысалы, Қазақстан азаматтары Өзбекстанға кірген кезде артқы әйнектің тонировкасы үшін ақы төлейді, ал Өзбекстандық көліктер Қазақстанға тонировкаланған әйнектермен еш кедергісіз кіре алады», - деді депутат.