Астана туралы үздік материалдарға арналған журналистер байқауы басталды

Астана туралы үздік материалдарға арналған журналистер байқауы басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мен Астана күніне орай елордада Астананың дамуы туралы үздік жарияланымдар, репортаждар мен сюжеттерге арналған дәстүрлі байқау жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқауды Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қалалық коммуникациялар қызметі ұйымдастырады. Оған Қазақстанның барлық журналисі қатыса алады. Байқауға Астана туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде 2025 жылғы 1 маусым мен 2026 жылғы 16 маусым аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар қабылданады.

Әр қатысушы байқауға бір ғана материал және тек бір номинация бойынша ұсына алады.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

1) «Үздік журналист-талдаушы» – Астананың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына арналған, баспа басылымдарында жарияланған сараптамалық материалдар;

2) «Үздік шолушы» – интернет-басылымдарда жарияланған Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы материалдар, сондай-ақ заңдылық, қоғамдық тәртіп, вандализм, нашақорлық, лудомания және елордадағы өзге де әлеуметтік мәселелерге қатысты жарияланымдар;

3) «Үздік радиорепортаж» – Астана туралы радиоматериалдар;

4) «Үздік телевизиялық сюжет» – урбанистика, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализмнің, нашақорлықтың, лудоманияның алдын алу және өзге де келеңсіз құбылыстарды қамтитын қала өмірі туралы телесюжеттер;

5) «Үздік мобилограф» – мобильді түсірілім арқылы әзірленген мегаполис өмірі туралы бейнероликтер;

6) «Аэрофото және ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып түсірілген елорда туралы үздік бейнешолу» – қаланың сәулеттік келбетін, инфрақұрылымдық дамуын, қоғамдық кеңістіктерін және тіршілік тынысын көрсететін аэрофото түсірілім негізіндегі бейнематериалдар;

7) «Жасанды интеллект көмегімен әзірленген елорда туралы үздік видео» – Астананың дамуын, сәулетін, қоғамдық кеңістіктерін, әлеуметтік бастамаларын және қалалық ортасын көрсететін жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған бейнематериалдар;

8) «Үздік фоторепортаж» – Астананың заманауи келбетін, қарқынды дамуын, қалалық өмірін, сәулеттік ерекшелігін және мегаполис ырғағын бейнелейтін фотожұмыстар. Негізгі назар көрікті орындарға, қоғамдық кеңістіктерге, мәдени іс-шараларға, абаттандырылған аудандар мен urban-мәдениетке аударылады;

9) Әлеуметтік желілердегі үздік материал – Facebook, Instagram және TikTok желілеріндегі танымал топтар мен парақшаларға арналған арнайы номинация.

Жеңімпаздарды елордадағы белгілі журналистер, медиа-сарапшылар мен сала өкілдерінен құралған комиссия анықтайды. Үздік жұмыстар ақшалай сертификаттармен марапатталады: бірінші орынға – 1 миллион теңге, екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге табысталады.

Өтінімдер 16 маусымға дейін baq.baikauy@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады.

Қосымша ақпаратты 8 778 603 90 94 телефоны арқылы алуға болады.