Астанада үздік полицейлер марапатталды
Елордалық департаментте өткен салтанатты іс-шарада Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Өңірлік экологиялық саммитті өткізу кезеңінде қызметтік міндеттерін кәсіби деңгейде атқарған қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Салтанатты шара аясында ерекше көзге түскен қызметкерлерге медальдар, төсбелгілер, алғысхаттар мен құрмет грамоталары табысталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында Ақтауда өткен Жазғы президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионатында «жүзуден үшсайыс» және «жүгіруден үшсайыс» дисциплиналары бойынша бірінші орынды иеленген Патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Аяужан Алтаева да марапатталды.

Сайыс қорытындысы бойынша спортшы ұлттық құрама сапына еніп, 2026 жылғы әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын болды.
Сонымен қатар Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері тапаншадан практикалық ату (IPSC) бойынша Қазақстан Республикасының кубогында жоғары нәтиже көрсетті.
ЖҚАЖ қызметкерлері кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, Classic санаты бойынша командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Жеке есепте полиция капитаны Дархан Жексембинов жеңімпаз атанса, екінші орынды полиция майоры Ерлан Базарбаев, ал үшінші орынды полиция майоры Медет Слямғазин иеленді.
Еске сала кетейік, елордалық полицейлер оқушыларға жол жүру ережесін түсіндірді.