Елордалық полицейлер оқушыларға жол жүру ережесін түсіндірді
«Абайлаңыз – балалар» атты республикалық акциясы барысында елордада Байқоңыр ауданының Полиция басқармасы мектеп оқушыларына жол жүру ережесін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Жол полициясы департаментіне сілтеме жасап.
18 мамырда қалада Т. Айбергенов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінде жол жүру ережелері бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары мен қызықты іс-шаралар өтті.
Бұл күннің ерекше оқиғасы — іс-шараға жол-патрульдік полиция қызметкерлері және Байқоңыр ауданы Ювенальды полиция бөлімшесі учаскелік полиция инспекторы полиция майоры К.А.Арықпанова қатысты. Түсіндіру шарасы балаларға көшедегі тәртіптің қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінуге көмектесті.
Іс-шараның мақсаты - оқушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы білімін арттыру, жол-көлік оқиғасының алдын алу, сондай-ақ көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Мектеп басшылығының мәліметінше, акция аясында бастауыш сынып оқушылары арасында мазмұнды әрі шығармашылық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
4-сынып оқушылары — жол қауіпсіздігіне арналған жарқын әрі мағыналы флешмоб өткізіп, көпшілікті тәртіпке шақырды. 1-сынып оқушылары — қиялдарына қанат бітіріп, «Бағдаршам» тақырыбында өз қолдарымен әдемі жапсырма (аппликация) жұмысын орындады. 2-сынып оқушылары — «Қауіпсіз жол» тақырыбындағы сурет байқауына белсене қатысып, өзінің шығармашылық қабілетін көрсетті. 3-сынып оқушылары — жол қауіпсіздігі ережелерін насихаттайтын креативті бейнероликтер дайындады. 7 «А» сыныбының «Жас сақшы» тобы — 1 «А» сынып оқушыларына ережелерді ойын түрінде оңай үйрететін «Қауіпсіз жол» танымдық сабағын өткізді.
Мұндай кешенді профилактикалық жұмыстар балалардың жол қозғалысы ережелері туралы білімдерін нығайтып қана қоймай, жауапкершілік пен сақтық мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.