Жазғы демалыстағы балалардың қауіпсіздігі: Мамандар ата-аналарға бірқатар сақтық шарасын ұсынды
Астана қаласы коммуникациялар қызметінде жазғы демалыс қарсаңында елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қала тұрғындары мен ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырып отыр.
Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова жазда мектеп оқушылары көшеде, үйде немесе интернетте ересектердің бақылауынсыз көбірек уақыт өткізетіндіктен, қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жазғы кезеңде мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысы тоқтамайды. Жазғы демалыста рейд, әлеуметтік желіге мониторинг, профилактикалық тексеру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар жүргізіледі.
«Қала прокуратурасы ата-аналарды балалардың интернеттегі мінез-құлқын бақылауға, олардың кімдермен араласатынына, әлеуметтік желідегі белсенділігіне және кіретін сайттарына көңіл бөлуге шақырды.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы жасөспірімдер интернет-алаяқтыққа, кибербуллингке, қорқыту әрекеттеріне, жеке деректер мен фотосуреттердің таралуына, құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупіне тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар балаға елеулі психологиялық зиян келтіруі ықтимал», - деді Әйгерім Өмірзақова.

Ол ата-аналарға бірқатар сақтық шараларын ұсынды. Балалардың интернеттегі белсенділігін бақылау; мобильді құрылғыларға ата-аналық бақылау орнату; қауіпті интернет ресурстарға қолжетімділікті шектеу; баланың эмоционалдық жағдайына назар аудару; интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Қала прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова жолдағы қауіпсіздікті де басты назарда ұстау керектігін атап өтті. Жазғы демалыс кезінде балалар көшеде көбірек уақыт өткізіп, велосипед, самокат пен мопедті жиі тебеді. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупі артады.
Спикер ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау мен жолдағы қауіпсіздік талаптарын күн сайын еске салып отыруға шақырды. Әсіресе қорғаныс құралдарын қолдануға, сондай-ақ балалардың ересектердің бақылауынсыз және тиісті дағдысыз жолға шығуына жол бермеуге көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар балаларға көшеден қауіпсіз өту және көлік қозғалысы маңындағы тәртіп ережелерін үнемі түсіндіріп отыру маңызды.
Әйгерім Өмірзақова судағы қайғылы жағдайлардың басты себебі - бақылаудың болмауы екенін атап өтті.
«Жазда балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын өзендер мен көлдерде балаларға қатысты қайғылы жағдайлар тіркеліп жатады. Көп жағдайда бұған балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы себеп болады.
Мемлекеттік органдар ата-аналарды балаларды су жағасында жалғыз қалдырмауға және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылуға рұқсат бермеуге шақырады. Демалыс кезінде балалар үнемі ересектердің бақылауында болуы керек», - деді ол.
Спикер балалардың терезеден құлауына қатысты оқыс оқиғаларға да тоқтала кетті.
Әйгерім Өмірзақованың мәлімдеуінше, күн жылыған кезде балалардың терезеден құлау қаупі арта түседі. Салалық ведомстволардың мәліметінше, мұндай жағдайлар балалар жарақаты мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Тәжірибе көрсеткендей, қайғылы оқиғалардың көпшілігі бала аз уақытқа болса да ересектердің бақылауынсыз қалған кезде орын алады.
«Осыған байланысты ата-аналарға кішкентай балаларды ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмау, сондай-ақ арнайы қорғаныс бекіткіштері мен блокираторлар орнату ұсынылады.Сонымен қатар терезе маңынан баланың терезе алдына өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздар мен заттарды алып тастау қажет», - деді Әйгерім Өмірзақова.
Қала прокурорының аға көмекшісі түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды бақылаусыз жібермеуге шақырды.
«Түнгі уақытта кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жерде болуына жол берілмейді. Себебі дәл кешкі және түнгі мезгілде жасөспірімдердің қатысуымен немесе оларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жиі орын алады.Ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, демалыс кезінде олардың пайдалы іспен айналысуына көңіл бөлу ұсынылады», - деді ол.
Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Жұманованың айтуынша, бүгінде елордада 545 мыңнан астам бала тұрады, жыл сайынғы өсім 20 мыңнан асты.
Осыған байланысты балалар жарақатының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және балаларға қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
«Қазақстан балалары 2026-2030» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты бойынша 50-ден астам іс-шараны қамтитын өңірлік жоспар бекітілді.Сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайдағы балаларды анықтау кезінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген.
Елордада көмекке мұқтаж отбасылар мен балаларды ерте анықтайтын мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылған. Жыл басынан бері баланың құқықтарын қорғау мақсатында шамамен 400 рейд жүргізілді», - деді Гүлмира Жұманова.

Спикер мемлекеттік органдар балаларға қолайлы әрі қауіпсіз қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында да жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, жыл басынан бері тұрғын үйлерде шатырға шығуға мүмкіндік беретін ашық люктерді анықтау бойынша мониторинг жүргізіген. Балалар алаңдары мен аттракциондарда ақаулы құрылымдардың бар-жоғына тексерлді. Осы мақсатта 100-ге жуық рейд өткізілген.
«Елорда тұрғындары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелер бойынша Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына жүгіне алады», - деді Гүлмира Жұманова.