Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың маңызына назар аударды
Бұл туралы Президент «Қазақстан-Кения» бизнес форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Кения Африканың «Кремний саваннасы» ретінде кеңінен танымал.
«Қазақстан GovTech және FinTech салаларында мол тәжірибе жинады. Бұл ретте электрондық үкіметке және заманауи банк инфрақұрылымына қатысты үздік шешімдерімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар жасанды интеллект және ғарышты игеру саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бүгін қол қойылған IT, ғарыш технологиясы салаларындағы бірқатар меморандум елдеріміздің нәтижелі әрі ұзақмерзімді серіктестігіне жол ашатыны анық», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Найроби халықаралық қаржы орталығы арасындағы әріптестікті құптады.
Мемлекет басшысы кениялық компанияларды АХҚО мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде бизнесін көркейтуге шақырды.
Президенттің пікірінше, бүгінде Қазақстанның туризм саласы қарқынды дамып келеді, осы орайда «шытырман оқиғаға толы» туризмді дамытқан жөн.
Мемлекет басшысы бүгінгі форум Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастық әлеуетін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ экономикалық байланыстарды нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін жеткізді.
Уильям Руто Кения мен Қазақстан ықпалдаса отырып, Африка және Орталық Азия арасында жаңа экономикалық көпір орната алатынына сенімді екенін айтты.
«Осында жиналған бизнес көшбасшыларын диалогтан – келісімге, байланыс орнатудан инвестицияға көшуге, қос халықтың игілігі үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп орындарын дамытуға шақырамын. Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін Астанада біздің елімізден келетін тауарларға арналған логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын», – деді Кения Президенті.