Айтысқа шығу үшін үлкен жүрек, шеберлік керек - Жансая Мусина бүгінгі айтыс өнері туралы
21 мамыр - мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Осы атаулы күннің қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі ұлттық мәдениетіміздің алтын арқауы – айтыстың ақтаңгері атанған, «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусинамен өміршең өнер сайысының бүгінгі тынысы туралы аз-кем тілдесті.
- Жансая Ғалымжанқызы, соңғы кезде қандай дүбірлі айтыста төбе көрсеттіңіз? Көңіл марқаяр жеңістеріңіз бар ма?
-Кеше ғана Бішкекте өткен қырғыздың заңғар жазушысы, драматург, ел батыры Бексұлтан Жакиевтің 90 жылдығына арналған екі ел арасындағы командалық өнер додасынан Бас жүлдемен оралдым. Қарсыласым сол елдің төкпе ақыны Ахматбек Султануулы болды.
Жетістігіме келер болсақ, бұйырған жүлдемді алып, өзімнің деңгейімде ғана айтысып жүрмін. Айтарлықтай жаңалық жасап, феномен болдым, бүгінгінің «легендасымын» деуден аулақпын. Бірақ еңбектеніп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын.

- Кімдермен айтысқыңыз келеді? Көбіне айтыстың қай түрінен сөз додасына түскенді қалайсыз? Айтыстағы ерекшелігіңіз қандай?
- Айтыста жұп таңдамаймын, қалай жеребе түседі, солай кете береміз. Әрине халықты серпілтуге, тамаша, тартысты дода жасауға мықтылармен жарысқа түскен жақсы. Ал мықтылар бізде көп қой. Жаныма жақыны - қыз бен жігіт айтысы. Бірақ тәжірибе үшін, өзімді сынақтарға салып тұру үшін айтыстың барлық түріне қатыса беремін. Менің айтыстағы «фишкам» - әзіл, қазақы қалжың.
- Қазір ауыз толтырып айтуға тұрарлық азулы айтыскер ақындар аз емес. Солардың ішінде кімдерді ерекшелеп айтар едіңіз...
- Дұрыс айтасыз. Атағынан ат үркіп, аузымен құс тістеген азулылар бізде баршылық. Бірін атасам, бірі ренжір. Менің қуанатыным - жастардың қызығушылығы.
Қазір елдің ойына айтыс десе, Жүрсін, ал Жүрсін десе, айтыс келеді. Халық та ағамыздың қанатының астынан шыққан мықтыларды «Жүрсіннің жүйріктері» деп атап кетті.
- Сіздіңше, айтысқа арнайы дайындық керек пе? Әлде суырып салып айтатын сәттер жиі бола ма? Ақындар арасында сөзге тоқтау азайып бара жатқан жоқ па?
- «Айтысқа дайындық керек пе?» деген сұрағыңызға «Айтысқа дайындықсыз шығуға болмайды!» дер едім. Саған бір ел сенім артып шақырады. Сондықтан тақырыпты меңгеріп, қарсыластарыңды жан-жақты зерттеп, халықтың көңілінен шығу үшін аянбай еңбектеніп барған жақсы.
Суырып сала алмайтын ақын онсыз да сахнаға шықпайды ғой. Басқа-басқа айтысқа шығу үшін үлкен жүрек, шеберлік керек. Қарсыласың сол бойда анықталатын жеребелік айтыстардан да қалыс қалған емеспін.
Ал сөзге біреу тоқтайды, біреу тоқтамайды. Әр ақын өзі үшін жауап берер.
- Қазіргі кезде айтыс өнерін сақтау және дамыту үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Ал айтыстың бүгінгі сапасы туралы не айтар едіңіз?
- Айтысты дамыту үшін Аманжол Әлтай ағамыз бастаған Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының атқарып жатқан жұмысы орасан. Былтыр «Хабар» арнасында бірнеше айға созылған «Жекпе-жек» айтысы өтті. Ұлттық бес өнердің басы қосылған, барлық аймақ өнерпаздары қатысқан командалық айтыс бар, оның сыртында облыстарда өткен бірнеше республикалық додалар бар. Барлығы - ақсүйек өнердің дамуы үшін, жас ақындардың жұлдызын жағу үшін, бастысы, елге рухани демалыс сыйлап, өнерді дәріптеу үшін жасалып жатқан игі шаруалар. Айтыстың сапасы - айтыскерлердің тікелей жауапкершілігіндегі дүние. Ал, әріптестерім аянып жатқан жоқ.
- Сұхбатыңызға үлкен рақмет!