Еңбекмин нарықтағы ең жоғары жалақы ұсынылған мамандарды атады

Бүгін, 09:36
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Еңбекмин нарықтағы ең жоғары жалақы ұсынылған мамандарды атады
Фото: freepik.com

Еңбекминнің мәліметінше, әзірге жұмыс күші сұраныстан жоғары. Сәуірде Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, ал жұмыс іздеушілер тарапынан 123,3 мың түйіндеме орналастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орындары Астана қаласы (8,5 мың), Павлодар облысы (7,2 мың), Алматы қаласы (6,7 мың), Ақмола облысы (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) орналастырылыпты.

Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер басым, яғни барлық түйіндеменің 39%-ын құрайды. 35–44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі – 28%, 45–54 жас аралығы – 20%, ал 55 жастан асқандар – 13%. Жынысы бойынша: 53% – әйелдер, 47% – ерлер.

«Сәуірде ұшқыш мамандығы бірден екі көрсеткіш бойынша көш бастады: жұмыс берушілер шамамен 1,9 млн теңге көлемінде еңбекақы ұсынса, жұмыс іздеушілердің күткен жалақысы 3,9 млн теңгені құрады. Жоғары еңбекақы ұсынылған басқа да вакансиялардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі (≈1,7 млн теңге) және жабдықтарды сынау жөніндегі басшы (≈1,6 млн теңге) бар. Ал жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында бортсеріктер (≈2,1 млн теңге) мен жақ-бет хирургі мамандары (≈2 млн теңге) ерекшеленді», - делінген хабарламада. 

2026 жылдың басынан бері платформада 409 мың бос жұмыс орны және 517,7 мың түйіндеме жарияланған.