Президент Қазақстанда Кения сауда хабын ашуды ұсынды

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент Қазақстанда Кения сауда хабын ашуды ұсынды
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент «Қазақстан-Кения» бизнес форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Қазақстан негізгі азық-түлік дақылдарын өндіретін әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Африкадағы жоғары сұранысты ескере отырып, Сіздің еліңізге бидай экспорттауға мүдделіміз. Ал Кенияның шәйі, кофесі мен гүлі әлемге әйгілі. Сондықтан біз Қазақстанда Кения сауда хабын ашуға ниеттіміз. Сол арқылы Сіздің елдің бизнесі Еуразия нарығына дендеп ене алады. Сонымен қатар аграрлық саладағы бірлескен білім беру бастамасын құптаймыз. Кениялық студенттер мен мамандарды оқу орындарымызда қуана қарсы аламыз», – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі және геологиялық барлау екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыты саналады. 

«Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің және аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Таза энергияға көшу, цифрлық технология және озық өндіріс салаларында жаһандық сұраныстың ұлғаюына байланысты аталған қазба байлықтардың маңызы арта түсті. Осы орайда геология, барлау, өндіру және өңдеу бағытында өзара тиімді ынтымақтастық құруға айтарлықтай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан осы саладағы білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын. «Самұрық Қазына» мен NAMICO компаниясы арасында жасалған Кениядағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімді құптаймыз. Оның аясында тараптар жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, бағалау және ілгерілету жұмыстарымен айналысады. Бұл құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.