Ұлттық ұлан - жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік институт

Ұлттық ұлан - жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік институт
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Айтулы мереке қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі еліміздегі патриотизмнің мектебі саналатын элиталық әскери құрылым - Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы ақпараттық-баспа бөлімі – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы Ерболат Сұлтановпен әңгімелесті. Спикер Ұлттық ұланда патриотизмді нығайту мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

-Ерболат Мерсайынұлы, алдымен Ұлттық ұланның негізгі міндеттерімен таныстырып өтсеңіз...

- Ішкі істер органдарының жүйесіне кіретін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының негізгі міндеті — қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарды қорғау, маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі режимді қамтамасыз етуге қатысу.


- Ұлттық ұлан басқа әскери құрылымдардан несімен ерекшеленеді?

- Ұлттық ұланды элиталық әскери құрылымға жатады деуге толық негіз бар. Себебі ұландықтар күнделікті жауынгерлік міндеттерді орындайды. Қарулы Күштерден айырмашылығы — олар мемлекеттің сыртқы қорғанысына және әскери қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге бағытталса, Ұлттық ұлан ел ішінде қызмет атқарып, ішкі істер органдарымен және басқа да құрылымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

- Ұлттық ұланды патриотизмнің мектебі деп жатады. Осы тұрғыда әскери құраманың жас ұрпақты отансүйгіштікке баулудағы жетістіктері туралы айтсаңыз...

- Ұлттық ұлан – тек әскери құрылым ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік институт. Жыл сайын әскер қатарына шамамен 14 мыңға жуық жас қазақстандық шақырылады. Олар әскери дайындықтан өтіп, тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді құндылықтарды бойына сіңіреді.

Осы орайда әскердегі тәрбие жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі. Офицерлік құрам ұжымның негізі болса, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер негізгі қызметтік міндеттерді атқарады. Әр санаттағы әскери қызметшілермен жұмыс жеке тәсілді талап етеді.

Жас сарбаздарды патриотизм рухында тәрбиелеу – басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, патриот болу – ел игілігі үшін еңбек ету. Ал әскери адам үшін бұл – Отанды қорғауға әрқашан дайын болу.


- Патриотизмді нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әрбір азаматтың мемлекетті дамыту мен қорғаудағы рөлін дәріптеу бағытында бүгінгі күні Ұлттық ұланда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Ұлттық ұланда әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру, заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, тәрбие, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың тиімділігіне ерекше назар аударылады. Бұл әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда «Өмірді сақта» (2022–2025 жж.) бағдарламасы, ІІМ жариялаған «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы: «Заң және Тәртіп» бастамасы, сондай-ақ 2025–2028 жылдарға арналған «Әскердегі заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ғылыми ұйымдармен бірлесіп, әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйін ерте анықтауға бағытталған жаңа әдістемелер енгізілуде. Бүгінде әскери бөлімдерде 5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі күшейтілген.

Сонымен қатар, Ұлттық ұланда әскери дайындықпен қатар, құқықтық білім беру маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Әскери қызметшілерге заң талаптары, олардың құқықтары мен міндеттері тұрақты түрде түсіндіріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар арнайы сабақтар, кездесулер, құқықтық түсіндіру іс-шаралары арқылы жүзеге асады. Алынған білім тек әскери қызмет барысында ғана емес, азаматтық өмірде де маңызды. Заңды білу – әр азаматтың жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

- Сіздің ойыңызша, Ұлттық ұлан жастарға әскери мамандықты таңдауға үлгі бола ала ма? 

- Ұлттық ұлан жастар үшін әскери қызметтің тартымды бағыты болып саналады. Іріктеу белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Үміткерлер дене дайындығы жоғары, психологиялық тұрғыдан тұрақты және моральдық қасиеттері қалыптасқан болуы тиіс. Сонымен қатар, медициналық тексеруден және кәсіби-психологиялық іріктеуден өтеді. Мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, «несиелік каникулдар» қарастырылған. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беріледі. Тек 2025 жылдың өзінде 1300-ге жуық білім беру гранты бөлінді. Бұл өз кезегінде Ұлттық ұланды тек әскери мектеп емес, болашаққа жол ашатын мүмкіндік алаңы ретінде көрсетеді.


- Сөз соңында Отан қорғаушылар күнін атап өтудің ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталсаңыз...

- Отан қорғаушылар күнін атап өту бүгінгі таңда тек әскери дәстүрлермен шектелмейді. Бұл – патриотизм, заңдылық, жауапкершілік және қоғам бірлігін насихаттаудың маңызды құралы. Осы бағытта әскери-патриоттық іс-шаралар, жастармен кездесулер, ашық есік күндері, құқықтық ағарту акциялары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетімен тығыз байланыс орнатылған. 2025 жылы бірлесіп 90-нан астам іс-шара өткізілді. Астанада өткен II республикалық форумда әскери қызметшілердің әлеуметтік және медициналық қамтамасыз етілу мәселелері талқыланды.

2026 жылға арналған бірлескен жоспар аясында әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсарту және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған жұмыстар жалғасады.