Елордада тұрғындарға салық заңнамасының нормалары түсіндірілді

Бүгін, 16:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада тұрғындарға салық заңнамасының нормалары түсіндірілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы Asia Park сауда-ойын-сауық орталығында келушілерге Қазақстанның салық заңнамасы түсіндірілді. Акцияны қалалық Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның басты мақсаты – халықтың елдегі салық заңнамасы туралы хабардарлығын арттыру.

«Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің қай түрі онлайн форматқа көшірілгені туралы айтылды. Бұл білім адамдарға жеке уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді департаменттің Мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің бас маманы Дамира Алтынбек.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұның бәрі мемлекеттік қызметтердің халыққа ыңғайлы, жылдам әрі түсінікті болуы үшін жасалып отыр.

«Бұған әлеуметтік желілер, ашық кездесулер мен осыған ұқсас іс-шаралар тікелей көмектеседі. Атап айтқанда, бүгінгі шара кәсіпкерлік пен салық саласындағы барлық өзекті мәселені жан-жақты қамтыды», – деп толықтырды ол.

Келушілер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда осындай іс-шаралардың тиімділігін атап өтті.

«Мұнда өз шаруаларыммен келгенмін, бірақ осындай іс-шараның үстінен түстім. Маған кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес алуға болатынын айтты. Мен жеке кәсіпкермін, сондықтан маған салық есептілігін тапсыру тақырыбы қызықты болды. Мен кеңес алып, өзімді мазалаған барлық сұраққа жауап таптым. Сонымен қатар инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдерінен бизнесті қолдау шаралары туралы ақпарат алдым. Мұндай акцияларды жиі өткізіп тұру қажет. Бұл жеке өзіме уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді, енді жауап алу үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ», – деді қала тұрғыны Татьяна Иванова.

Еске сала кетейік, елордалық оқушыларға көшеде және қоғамдық көлікте жүру ережелері түсіндірілді.