Туризм министрлігі: Алакөл жағажайы 1 800 метрге дейін ұзартылады

Туризм министрлігі: Алакөл жағажайы 1 800 метрге дейін ұзартылады
Фото: QazaqGeography

Алакөл жағажайы 1 800 метрге дейін ұзартылады. Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Абай облысындағы Алакөл курортында туристік маусым қарсаңында қауіпсіздік пен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді құтқару станциясы ашылды.

«Қазіргі таңда Алакөл жағалауындағы абаттандырылған жағажай аумағы 800 метр, биыл оны 1 800 метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірдегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», - деді спикер.

Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында да ауқымды абаттандыру шаралары қолға алынған. Құтқару мұнаралары орнатылып, киім ауыстыру кабиналары сатып алынды. Бұдан бөлек, Алакөл жағалауын нығайту жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, жазда Алакөлге Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодардан пойыздар қатынайды.