Алакөл жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды

Бүгін, 16:33
Думан Аманжол Думан Аманжол
Алакөл жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Абай облысының Алакөл көлінің жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 

Жаңа құтқару бөлімшесінің құрылысы былтыр шілде айында басталған. Нысан Қабанбай ауылы маңында орналасқан. Бөлімшеде 6-арнайы техника, оның ішінде 2-құтқару катері мен 2-гидроцикл бар. 

Аймақ басшысы жаңа құтқару бөлімшесі Алакөлге келуші туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды нысан болмақ екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деп ерекше атап өткен болатын. Алакөл – еліміздің інжу-маржаны. Ұзындығы 4 шақырымды құрайтын жағалауда шомылу маусымы кезінде 230 демалыс базасы, 100-ден астам сауда нысаны, 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетеді. Өткен жылы мұнда 100 мыңнан астам турист келді, оның ішінде шетелдік қонақтар да бар. Мұндай ауқымды туристік ағым қауіпсіздік мәселесіне ерекше жауапкершілік жүктейді. Бүгін ашылып отырған әмбебап құтқару бөлімшесі барлық қажетті техникамен жабдықталған. Сонымен қатар құтқарушылар жедел әрекет ету үшін капсулалық модуль іске қосылды. Сондай-ақ, Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы басталған болатын. Премьер-министр Олжас Бектенов облысымызға келген сапарында құрылысын жалғастыруға қаржы бөлінетінін, Үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты. Яғни, туристердің жайлы, қауіпсіз  демалуына барлық жағдай жасалынуда. Өрт сөндіруші мен құтқарушы – кез келген сәтте өз өмірін қатерге тігіп, адам өмірі үшін күресетін мәртебелі мамандық иелері. Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет пен қоғам әрқашан жоғары бағалайды. Бүгін ашылып отырған жаңа бөлім – сіздердің қызметтеріңізді жеңілдетіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуда тиімділікті арттырады деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Шара барысында аудан құтқарушыларына 7 авариялық-құтқару және жедел қызметтік автокөліктің кілттері салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ, құтқару бөлімшесі аумағына шырша көшеттері отырғызылды.

Одан кейін облыс әкімі Берік Уәли Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге құтқарушылардың жедел әрекет етуіне және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құтқару модулін көрді. Осы жерде жағалауды бейнебақылау және жасанды интеллект арқылы бақылау жобасы таныстырылды.

Аймақ басшысы мен министр Алакөл жағалауын катермен аралап, қауіпсіздік шаралары мен инфрақұрылымның жай-күйімен танысты. 

Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауда 17 құтқару мұнарасы орнатылған. 35 құтқарушы-нұсқаушы даярланған. Өткен жылы 42 рейдтік іс-шара өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 15 әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспарымен танысты.