Жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін ірі зауыт салуға дайындық басталды
Елімізде жылына 10 млн тонна мұнай өңдей алатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын салу жобасы іске асыру кезеңіне өттті. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қолға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда болашақта мұнай-химия кластерінің орталығына айналуы мүмкін ірі мұнай өңдеу кешенін салуға дайындық жүріп жатыр.
Энергетика министрлігі мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде жобаны ведомствоаралық деңгейде үйлестіруді жүзеге асырады. Жобаның тапсырыс берушісі — SK Ondeu («Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы). Алты ай ішінде халықаралық инжиниринг командасы кешенді алдын ала зерттеу жүргізеді, соның қорытындысы бойынша Үкіметке болашақ зауыттың техникалық және экономикалық параметрлері ұсынылады.
Осы параметрге сәйкес бірқатар негізгі бағыт пысықталады. Бірінші кезекте шикізатпен қамтамасыз етудің ең тиімді схемасы айқындалады. Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайын өңдеу, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізатты пайдалану нұсқасы қарастырылады.
Сонымен қатар зауыт салынатын орынды таңдау мәселесіне ерекше назар аударылады. Сарапшылар көлік логистикасын, теміржол инфрақұрылымына қолжетімділікті, өнім өткізу нарықтарына жақындығын, экологиялық талаптарды және инженерлік коммуникациялардың болуын бағалайды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов атап өткендей, жаңа мұнай өңдеу кешенінің құрылысы еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі прагматикалық әрі стратегиялық маңызды қадам. Оның айтуынша, жобаның орналасуы мен конфигурациясына қатысты барлық шешім тек экономикалық тиімділік пен техникалық есеп негізінде қабылданады.
Алдын ала құжаттама негізінде Үкімет жобаны жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу сатысына көшіру, халықаралық инвесторларды тарту және зауыт құрылысын бастау туралы шешім қабылдайды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет екенін атап өткен болатын.