Тоқаев: Елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқтала кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан Қазақстан мұнай өндіруші ел болса да, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді.
«Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі.
Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз», - деді ол.
Мемлекет басшысысы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптаспағынын атап өтті.
«Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жобалар іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз. Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады.
Бұл орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды екенін атап өтті.
«Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз. Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін», - деді ол.