Корея Қазақстанды қалай таниды – шығыстанушы Дастан Ақашпен сұхбат

Корея Қазақстанды қалай таниды – шығыстанушы Дастан Ақашпен сұхбат
Фото Дастан Ақаштың жеке мұрағатынан (Сеул қ., Оңтүстік Корея)

Шығыстанушы ғалым, «Корей тілі» оқу құралының авторы Дастан Ақаш Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында корей қоғамының Қазақстанға көзқарасы, қазақ тіліндегі алғашқы авторлық корей тілі оқулығы және Кореяның ұлттық бренд қалыптастыру тәжірибесі туралы айтты.

Кёнджудағы алтын семсер және Ұлы дала ізі

– Дастан Ақашұлы, сіз үшін шығыстанушылық академиялық бағыт па, әлде ұлттық миссия ма?

– Шығыстану – тек академиялық бағыт емес, бұл – өркениеттік таным. «Шығыс» ұғымының географиялық ауқымы қандай болса, тарихи-мәдени мәні де сондай терең. Бір кездері Шығыс атауы ғылым мен білімнің, өркендеу мен дамудың синонимі іспетті еді. Адамзаттық діни сенімдер, тарихта ізі қалған өркениеттер, дүниетанымдар мен ілімдер, терең руханият пен бірегей салт-дәстүрлер осы кеңістікте тоғысқан. Сондықтан бұл саланың академиялық маңызы әрқашан жоғары.

Шығыстану – ғылым мен тәжірибені қатар ұштастыратын сала. Шығыстанушының басты мақсаты – терең білім арқылы өз ұлтын әлемге таныту және Шығыстағы дамыған елдердің тәжірибесін ел игілігіне пайдалану. Шығыс бүгін де, ертең де адамзатты таңғалдыратын ерекше зерттеу нысаны болып қала береді.

– Корей қоғамы Қазақстанды көбіне қандай қырынан таниды?

– Корей қоғамы үшін Қазақстанның образы бірнеше қырдан қалыптасқан. Біріншіден, олар Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды экономикалық және стратегиялық серіктес ретінде таниды. Екіншіден, Қазақстан — жүз мыңнан астам корейлер өмір сүріп жатқан, қоғамдық тұрақтылыққа мән беретін мемлекет. Сонымен қатар біздің ядролық қарудан бас тарту тәжірибеміз бен көпвекторлы дипломатиямыз жиі аталады. Соңғы жылдары корей аудиториясының Қазақстан тарихы мен мәдениетіне және еліміздегі цифрлық дамуға деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, Қазақстанға туристік қызығушылықтың артуы мен білім беру саласындағы өзгерістерге айрықша назар аударылып жатыр.

– Кореяның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған 300-ден астам мақалаңыздың ішінде ерекше қызығушылық тудырған тақырып қайсысы болды? Неліктен деп ойлайсыз?

– Жақсы қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі — Кёнджу қаласынан табылған алтын семсердің жұмбағы. Бұл жәдігер кезінде Корея археологиясында үлкен жаңалық болған еді. Менің мақаламда бұл семсердің жасалу технологиясы мен стилі біздің Ұлы дала мәдениетімен, атап айтқанда, Эрмитажда сақталған Қазақстан жерінен табылған жәдігерлермен тікелей байланысты екені айтылды. Америкалық және корейлік ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен бұл құнды жәдігердің қазақ даласымен байланысы бар екені туралы тұжырым оқырман қауымының қызығушылығын тудырды.

Бұдан бөлек, Дінмұхамед Қонаев пен Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғаларымыздың Корея түбегіне сапарлары мен Абай мұрасы туралы жазбаларым да корей қоғамында қазақ мәдениетіне деген жаңа көзқарас қалыптастырды. Меніңше, корей аудиториясын ең көп қызықтыратын нәрсе – екі халықтың тарихи және мәдени байланыстары.

Корей медиасындағы жоғары бәсеке

– Корей аудиториясы сіздің мақалаларыңызды қалай қабылдады? Кері байланыс болды ма?

– Кері байланыс негізінен оң болды. Көп оқырман Қазақстан туралы жаңа қырынан танығанын жазды. Әсіресе, академиялық ортада тарихи және мәдени тақырыптарға қызығушылық жоғары екенін байқадым.

– Корея журналистикасынан үйренген ең маңызды кәсіби қағида қандай?

– Жаһандану жағдайында әртүрлі оқырманның талғамын ескеру, ақпаратты тартымды әрі ықшам түрде жеткізу, сонымен бірге қысқа материалдың өзінде терең мазмұн беру. Ақпаратты тартымды жазумен қатар, эксклюзивті деректерді тауып, оны сапалы жазу болды. Бұл бүгінгі цифрлық дәуірдегі кез келген кәсіби маманға қажетті басты дағды деп есептеймін.

– Қазақстан мен Корея медиасының басты айырмашылықтарын қалай сипаттар едіңіз?

– Корея медиа кеңістігінің басты ерекшелігі – аса жоғары бәсеке мен ақпараттық жылдамдық. Ол жақта цифрлық технологиялар мен медиа контенттің мүмкіндіктері барынша игерілген, сондықтан ақпарат қас-қағым сәтте таралып, үлкен талқылауға жол ашады. Корей журналистикасының тағы бір қыры – салалық маманданудың жоғары деңгейі мен Корея медиа нарығының өзіндік қаржыландыру модельдерінің дамығандығы. Ал Қазақстан медиасында қазіргі таңда сапалы аналитика мен түсіндірмелі форматтарға сұраныс жоғары.

«Корейше сөз қазақшаға жеткенше бірнеше тілден өтетін»

– «Корей тілі» оқу құралын жазуға не түрткі болды? Нарықтағы басқа оқулықтардан айырмашылығы неде?

– Әрине, ең бірінші түрткі болған нәрсе – ана тілімізде корей тілін үйрететін оқулықтың жоқтығы. Оқу құралы тұрмақ, қазақша сөздік те болмады. Алғаш оқуға түскен кезімде корей тілін ағылшын және орыс тілі арқылы үйрендік. Бір қызық жағдай болатын: корейше сөзді алдымен ағылшыншаға, содан соң орысшаға, содан кейін ғана қазақшаға аударып түсінетінбіз. Яғни корей тілі менің ана тіліме жеткенше бірнеше белестен өтетін. Осы жағдай мені қазақ тілінде тікелей оқытылатын оқу құралын жазуға жетеледі.

Екінші себеп – ана тіліміздің ғылыми кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейту. Мен үшін ең маңыздысы – тілдің дамуына сөз жүзінде емес, нақты іспен үлес қосу. Бұл еңбек – қазақ тілінің халықаралық деңгейде дамуына қосқан азаматтық үлесім деп білемін. Өйткені тілдің дамуы құрғақ сөзбен емес, нақты ғылыми және практикалық жұмыстар арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, қазақ тілі мен шығыс тілдері арасындағы ғылыми және мәдени байланысты нығайтуды мақсат еттім.

Үшінші себеп – осы бағыттағы әдістемелік қажеттілікті толықтыру. Қазақстанда корей тілі 1991 жылдан бері оқытылып келе жатқанымен, қазақ тілінде жазылған толыққанды жеке авторлық оқулық болмады. Осылайша, 35 жыл ішінде бұл бағытта жүйелі еңбек жазылмаған. Осыған байланысты бұл салада белгілі бір олқылық байқалды деуге болады.

Корей халқының Орталық Азияға қоныс аударғанына да шамамен 90 жылға жуық уақыт өтті. Осы ұзақ уақыт аралығында мұндай еңбектің жүйелі түрде жазылмауы мені осы оқулықты дайындауға итермеледі. Жақында ғана бірлі-жарым шетелдік оқулықтың аудармасы пайда болғанымен, олар қазақ аудиториясына толық бейімделген дербес еңбек деңгейіне жете бермейді.

Менің оқулығым – аударма емес, отандық шығыстану мектебінің төл туындысы. Бұл өте маңызды, себебі аударма еңбектер көбіне өзге тілдің грамматикалық логикасына және өзге мәдени мазмұндарға сүйенеді. Ал біз бұл еңбек арқылы отандық корейтану ғылымын жаңа деңгейге шығаруды мақсат еттік.

Ал оқулықтың ерекшелігіне келсек, кітап толықтай қазақ тілінде жазылды. Алфавиттен бастап грамматикаға дейін қазақша түсіндіріледі. Бұл аударма немесе шетелдік оқулықтың бейімделген нұсқасы емес, жеке авторлық туынды. Сонымен қатар кітаптың маңызды ерекшелігінің бірі – тіл үйренушілер жиі жіберетін қателіктермен жұмыс жасау бөлімі. Көп оқулықтарда бұл жағы ескеріле бермейді. Ал мұнда қандай қателер болуы мүмкін екені көрсетіліп, арнайы түсіндірмелер мен кеңестер беріледі.

– Бұл кітап кімдерге көбірек бағытталған: студенттерге ме, әлде өз бетінше үйренушілерге ме?

– Кітап әмбебап сипатқа ие. Ол кәсіби мамандар мен студенттерге де, тілді нөлден бастап өз бетінше үйренгісі келетін қалың оқырманға да арналған. Бұл – тек академиялық ортамен шектелмейтін, кең аудиторияға бағытталған дүние. Сондықтан кез келген оқырман оны кітап дүкендерінен сатып алып, корей тілін тіл жетекшісінің көмегімен жүйелі түрде оқуға, сонымен қатар тілді өздігінен меңгеруге толық мүмкіндігі бар.

Корея ұлттық брендті қалай қалыптастырды?

– Корей қоғамында сізді ең қатты таңғалдырған немесе ойландырған нәрсе не болды?

– Мені таңғалдырған нәрсе – Кореядағы дәстүр мен заманауи дамудың үйлесім табуы. Бұл елде заманауи технологиялар мен демократиялық құндылықтар дамығанымен, халық өз тамырынан, ұлттық болмысынан ажырамаған. Олар ұлттық мәдениеті мен тарихи тамырын сақтай отырып, заманауи технология мен жаһандық бәсекеге қатар бейімделе алған. Әсіресе, мәдениет пен өнер арқылы ұлттық бренд қалыптастыруы, корей тілін халықаралық деңгейде кеңінен танытуы үлкен құбылыс деп ойлаймын.

– Қазақтың ұлттық құндылықтарын шетелге таныстыруда қандай тәсілдер тиімді?

– Мәдени жобалар, аударма, кино, цифрлық контент және академиялық байланыстар тиімді құралдардың қатарына жатады. «Жұмсақ күш» арқылы, яғни мәдениет, білім және ғылым арқылы деуге болады. Біздің құндылықтарымызды заманауи тілде, академиялық салмақпен және креативті форматта ұсыну тиімді.

– Корея тәжірибесіне сүйенсек, біз қандай бағыттарға көбірек көңіл бөлуіміз керек?

– Корея тәжірибесіне сүйенсек, ең алдымен білім беру сапасына, технологияға, ғылымға және мәдени индустрияны дамытуға көбірек көңіл бөлу маңызды деп ойлаймын. Әсіресе адами капиталды дамыту, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ғылым мен технологияны өндіріспен ұштастыру бағыттары өте маңызды

Сонымен қатар ұлттық бренд қалыптастырудағы жүйелілік те – назар аударарлық дүние. Корея өз мәдениетін, тілін, киносын, музыкасын және технологиясын әлемдік деңгейдегі брендке айналдыра алды. Бұл жерде мемлекет, бизнес және шығармашылық индустрияның өзара байланысы үлкен рөл атқарды.

– Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз?

– Алдағы уақытта жоспар көп. Әрине, әрбір жобаның өз бағыты мен мақсаты бар. Уақыт өте келе, олардың нәтижесін де көруге болады деп ойлаймын. Сәтін салса, ойда жүрген жобалар мен идеялар жүзеге асып, өз нәтижесін береді деген үміттемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!