Астанада пара дзюдодан халықаралық турнир басталды
Елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында IBSA Judo Grand Prix Astana пара дзюдодан халықаралық турнирінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Доданы Халықаралық зағиптар спорт қауымдастығы (IBSA) ұйымдастырды.
Қазақстан зағиптар спорт қауымдастығының төрағасы Медет Байкеннің айтуынша халықаралық Grand Prix турниріне 24 елден 137 спортшы қатысады.
«Бұл Қазақстанда алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода болса, оның бесеуі елордада өткен. Мұндай жарыстар қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауына үлкен мүмкіндік береді. Биылғы турнирде әлем чемпиондары мен пара дзюдоның үздік спортшылары бақ сынайды.
Айту керек, жарыс Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) және Халықаралық зағиптар спорт қауымдастығы (IBSA) бірлескен жобасы аясында ұйымдастырды. Сондықтан халықаралық деңгейдегі үздік төрешілер шақырылып, дода жоғары талаптарға сай өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы бұл жарысқа жаңартылған құраммен қатысады. Қазіргі таңда жас спортшыларға үлкен сенім артылып отыр. Сондай-ақ осы турнир қорытындысы бойынша күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына баратын ұлттық құрама жасақталады», - деді ол.

Айта кетейік, жарыс барысында 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.
Жаһандық додада 8 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, +95 келі салмақта белдесетін болса, әйелдер 52, 60, 70, +70 келіде жүлдеге таласады.

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары барлық салмақ дәрежесі бойынша қатысады. Ел намысын Зарина Райфова, Жұрқамырза Шүкірбеков, Құлмырза Бексұлтан, Ғалымжан Смағұлұлы, Альфия Тлекқабыл сынды тәжірибелі спортшылар қорғайды. Қазақстан құрамасынан 26 спортшы белдеседі.


Еске салсақ, бұған дейін 8-10 мамыр аралығында елорданың Жекпе-жек сарайында төртінші мәрте Qazaqstan Barysy Grand Slam бәсекесі өтті. Онда дзюдошыларымыз екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлдеге ие болды.