Қосшыдағы жаңа Жедел басқару орталығы 27 мыңнан астам ереже бұзу деректерін анықтады

22 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қосшыдағы жаңа Жедел басқару орталығы 27 мыңнан астам ереже бұзу деректерін анықтады
фото: Оңалхан Өнерхан

Қосшы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілген 1,5 мың бейнебақылау камерасы бар Жедел басқару орталығы ашылған болатын. Ашылған сәттен бастап ол жалпы сомасы 430 млн теңге болатын 27 мыңнан астам жол ережесін бұзу деректерін анықтады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаңа ЖБО «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларын «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіре отырып, ЖИ көмегімен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолдардың жай-күйін бағалауға және коммуналдық проблемаларды тіркеуге мүмкіндік береді. Осыған ұқсас орталықтар Көкшетау, Степногорск және Щучинск қалаларында жұмыс істеп тұр, сондай-ақ облыстың басқа да аудандарына кеңінен таратылуда.

Сонымен қатар Көкшетауда «Сұңқар» АБК пилоттық жобасы жүзеге асырылды, ол мемлекеттік нөмірлерді танып, деректерді «Цифрлық қадағалау» жүйесіне береді. Одан бөлек облыс орталығы елімізде алғашқылардың бірі болып жедел жәрдем көліктері мен маршруттық автобустарға заңбұзушылықтарды тіркейтін мобильді кешендер орнатты, бұл іздеуде жүрген машиналар мен құқығынан айырылған жүргізушілерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында түн ортасында ұйқы бермейтін мотоциклдер мен автокөліктер мәселесі қаралғаны туралы жазған едік.