Бала көшені тазаласа, қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі қалыптасады - Бекдайыр Күзембай
Үш жыл бұрын балаларын ертіп, көше тазалап, тал еккен әкелердің игі бастамасы бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Таза Қазақстан» бастамасымен үндесіп отыр. Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай тазалық пен еңбекке баулудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Үш жыл бұрын бірнеше әке болып, балаларымызды ертіп, көше тазалап, тал егіп, еңбекке баулу мақсатында игі істі бастаған едік. Ол кезде біздің мақсатымыз үлкен ұран айту емес, балаларымызға қарапайым нәрсені іс жүзінде көрсету болды: еңбек ету, айналаны таза ұстау, табиғатты аялау және туған жерге жанашыр болу.
Бүгінде бұл құндылықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Таза Қазақстан» бастамасымен үндесіп, ел көлемінде кеңінен жүзеге асып жатқаны қуантады. Бұл – тазалықпен ғана шектелетін науқан емес. Бұл – қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған ортақ іс», – деді Бекдайыр Күзембай.
Оның айтуынша, тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден басталады. Әкенің баласымен бірге еңбек етуі, ағаш отырғызуы немесе қоғамдық ортаны таза ұстауы балаға жауапкершіліктің мәнін іс жүзінде түсінуге мүмкіндік береді.
«Біз үш жыл бұрын балаларымызға көрсеткен қарапайым үлгі арқылы бір нәрсеге көз жеткіздік: елдің болашағын тәрбиелеу – әр отбасының өзінен басталады.
Әкелер балаларымен бірге еңбек етсе, бала еңбектің қадірін түсінеді. Тал ексе, табиғатты аялауды үйренеді. Көшені тазаласа, қоғамдық ортаға деген жауапкершілігі қалыптасады.
«Таза Қазақстан» – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да мәселесі. Таза орта – таза сана. Таза сана – жауапты азамат. Жауапты азамат – мықты ел», – деді ол.
Бекдайыр Күзембай игі бастамалардың жалғасын тауып, әр отбасы мен әр азамат тазалықты ортақ жауапкершілік ретінде қабылдауы маңызды екенін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, Президент Астанада тал егуге қатысып, «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жүйелі саясат жемісін бере бастағанын айтты.