Экологиялық мәдениет әрқайсымыздан басталады - волонтер
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керектігін атап өткені белгілі. Осыған орай «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтеры Мерей Қалел қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мен волонтер ретінде экологиялық шараларға үнемі қатысып жүремін. Жыл басынан бері біз, Астана қаласының волонтерлері, 400-ден астам экологиялық акцияға қатыстық. Олардың қатарында «Таза қала», «Таза аула», «Мөлдір бұлақ» сияқты жобалар бар.
Менің ойымша, мұндай бастамалар тек қаламызды тазарту немесе көгалдандырумен шектелмейді. Бұл - біздің кейінгі ұрпаққа қалдыратын мәдени мұрамыздың бір бөлігі. Бүгін біздің осындай акцияларға қатысып, табиғатқа қамқорлық жасап жүргенімізді балалар көріп өседі. Ертең олар да осы құндылықтарды өзінен кейінгі ұрпаққа үйретеді.
Экологиялық мәдениет осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деп ойлаймын. Сондықтан Астананың таза әрі жасыл қала болуы әрқайсымыздан басталады. Мен осындай игі бастамалардың басы-қасында жүргенімді мақтаныш етемін», - деді ол.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеген болатын.