Президент ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысын тағайындады
Қуанышбек Үштаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қуанышбек Өскенбайұлы Үштаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды», - делінген хабарламада.
Осы тағайындауға дейін ол Құрлық әскерлері Бас штабының бастығы – Бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Генерал-майор Қуанышбек Үштаев Жамбыл облысы Жуалы ауданының Алексеевка ауылында дүниеге келген. Әскери қызмет жолын әскери училище курсанты болып бастап, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
Әр жылдары әскери бөлімдердің командирі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары – Жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметтерін атқарды. «Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының әскерлерін басқарды.
1997 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 2009 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2018 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.
II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен наградталған.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болған Мереке Көшекбаев лауазымынан босатылды.