Астанада притон ұйымдастырған 15 адам анықталды – ВИДЕО

Бүгін, 16:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада притон ұйымдастырған 15 адам анықталды – ВИДЕО
Фото: видеодан скрин/Астана қаласының прокуратурасы

Астана қаласының прокуратурасы притон ұйымдастыру, оның ішінде кәмелетке толмағандарды тарту арқылы ұйымдастырылған қылмыстық топтың 15 мүшесіне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Тергеу барысында 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде екі апалы-сіңлілі өз жұбайларымен бірге тұрғын үй кешендерінде жыныстық қызмет көрсету үшін притон ұйымдастырғаны анықталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына күзетшілер, әкімшілер, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қызметтерді жарнамалаумен айналысқан тұлғалар кірген.

Ұйымдастырушылар қаладағы түнгі клубтардан қыздарды іздеп, оларға жоғары табыс, тұрғылықты үй, қауіпсіздік және құпиялылықты қамтамасыз етуге уәде берген», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, қылмыскерлер клиенттердің алкогольдік масаң күйін пайдаланып, оларға күш қолданып, ақшалай қаражаттарын бопсалаған, сондай-ақ оларды жалға алынған пәтерлерде заңсыз ұстаған.

Барлық 15 қатысушы ұсталып, оларға қатысты күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.

Елорда прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады.

Айыпталушылардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға сот отырысы барысында беріледі.

Еске сала кетейік, Астана мұғалімдеріне балаларды құқықбұзушылықтан қорғау жолдары түсіндірілді.