Арман Шеризат: Астананың тазалығы – елдің жаңа сапаға ұмтылысының көрінісі

Арман Шеризат: Астананың тазалығы – елдің жаңа сапаға ұмтылысының көрінісі
Фото: Арман Шеризаттың жеке мұрағатынан

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мәні тазалықпен ғана шектелмейді. Бұл – адамның ортақ кеңістікке, қоғамдық мүлікке және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыратын құндылық. Осы орайда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Арман Шеризат Elordainfo.kz-ке берген пікірінде тазалықтың қоғам мәдениетімен байланысына тоқталды.

Оның айтуынша, елімізде жүзеге асып жатқан өзгерістер қоғам өміріне де жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына еңбек, білім, адалдық пен тәртіп секілді құндылықтарды сіңіру маңызды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер мен түбегейлі реформалар жүзеге асып келеді. Бүгінгі заң да, заман да басқа. Қоғам да өзгеріп, жаңа талаптарға бейімделуде. Әсіресе, жас ұрпақты жаңа дәуірдің жауапкершілігіне дайындау, оның бойына еңбек, білім, адалдық, тәртіп сияқты құндылықтарды сіңіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Әділетті Қазақстанды құру жолындағы «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттарды осы үлкен өзгерістің өзара сабақтас арналары деп қабылдаған жөн. Бірі қоғамдық тәртіптің негізін бекітсе, бірі азаматтың ішкі ұстанымын қалыптастырады, енді бірі сол ұстанымның күнделікті өмірдегі көрінісін айқындайды. Ресми құжаттарда да бұл бағыттар қоғамның жаңа құндылықтық бағдарларымен сабақтастырыла қарастырылады», – деді Арман Шеризат.

Қаламгер «Таза Қазақстан» атауының мәнін тек қоршаған ортаның тазалығымен шектемеу керектігін атап өтті. Оның пікірінше, адамның ортақ кеңістікке деген қарым-қатынасы оның азаматтық мәдениетін көрсетеді.

«Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» атауының мәні әлдеқайда терең. Тазалықты тек көшені сыпыру, ауланы абаттандыру, ағаш отырғызу немесе қоқыс жинау деп түсінсек, оның ең басты мағынасын жоғалтып аламыз. Тазалық – адамның ортақ кеңістікке деген қатынасы. Ал ортақ кеңістікке деген қатынас – қоғамның мәдениетінің өлшемі.

Мен қаламгер ретінде тазалық ұғымын ең алдымен адамның ішкі мәдениетімен байланыстырар едім. Өйткені адамның мінезі кейде үлкен сөздерден емес, өте қарапайым әрекеттерден көрінеді. Бір жапырақ қағазды жерге тастамау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, тарихи орынға қол сұқпау, ағашты сындырмау – мұның бәрі азаматтық мәдениеттің үнсіз белгілері», – деді ол.

Арман Шеризаттың сөзінше, осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстанды» бір реттік сенбілік немесе экологиялық науқан ретінде емес, қоғамның өмір сүру мәдениетін қалыптастыратын ұзақ мерзімді бастама ретінде қарастырған жөн.

«Сондықтан «Таза Қазақстанды» бір кезеңдік экологиялық науқан ретінде емес, қоғамның өмір сүру мәдениетін өзгертетін ұзақ мерзімді құндылықтық жоба ретінде қабылдаймын.

Өйткені мемлекет өзгерісі заңнан басталуы мүмкін, реформаның тетігі институттар арқылы іске қосылуы мүмкін. Бірақ қоғамның шынайы жаңаруы адамның күнделікті әдетінен басталады», – деді ақын.

Ол бұл бағытта Астананың орны ерекше екенін атап өтті. Қаламгердің пікірінше, елордадағы тазалық пен қоғамдық тәртіп мәдениеті жалпыұлттық бастаманың күнделікті өмірдегі көрінісіне айналуы тиіс.

«Бұл ретте бас шаһарымыз Астананың орны ерекше. Астана – еліміздің жүрегі, саяси әрі мәдени айнасы. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын өмірлік ұстанымға айналдыруда елордамыз барлық өңірге үлгі болып, озық мәдениеттің, ұқыптылық пен тәртіптің бастау бұлағын көрсетіп келеді. Бас қаланың өркениетті келбеті мен тазалығы – бүкіл еліміздің жаңа сапалық деңгейге ұмтылысының айқын көрінісі», – деді Арман Шеризат.

Бұған дейін «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов «Таза Қазақстан» бастамасына қатысты пікір білдірген еді.