«Таза Қазақстан» күнделікті мәдениетке айналуы тиіс - Қайрат Айтуғанов

21 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
«Таза Қазақстан» күнделікті мәдениетке айналуы тиіс - Қайрат Айтуғанов
Фото: «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті. Президенттің бастамасына қатысты пікір білдірген «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов «Таза Қазақстан» акциясы тек аумақтарды тазарту емес, қоғамда жауапкершілік пен тазалық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Дүниежүзілік тазалық күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасына ерекше тоқталғым келеді.

Бұл «Ауыл» партиясы үшін жай ғана экологиялық акция емес. Бұл – мәдениет, жауапкершілік және әр адамның өз еліне деген көзқарасы.

Президент атап өткендей, тазалық ұғымы көшелер мен аулаларды абаттандырумен ғана шектелмейді. Тазалық адамның санасынан – өз үйіне, ауласына, көшесіне, табиғатқа және қоғамдық ортаға деген құрметінен басталады.

«Ауыл» партиясының мүшелері еліміздің барлық өңірінде экологиялық акцияға қатысты. Тұрғындармен, партия белсенділерімен және волонтерлермен бірге қоғамдық және табиғи аумақтарды тазалап, туған жерге деген қамқорлық әрқайсымыздан басталатынын іс жүзінде көрсеттік.

«Таза Қазақстан» бір реттік акция ретінде қабылданбауы маңызды. Бұл – күнделікті мәдениетке айналуы тиіс: қоқыс тастамау, табиғатты қорғау, қоғамдық кеңістікті құрметтеу және осындай жауапкершілікті балаларымызға жеке үлгі арқылы үйрету.

Таза Қазақстан – таза үйден, ауылдан, қаладан және Отанымызға деген таза көзқарастан басталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасын қолдаймын және әр азаматтық ортақ іске өз үлесін қосуға шақырамын», - деді Қайрат Айтуғанов.