Қазақстан дзюдошылары Астанадағы Grand Slam-де тарихи жетістікке жетті
Елордада өткен бәсекеде дзюдошыларымыз екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемнің 36 елінен 295 татами шебері қатысқан әлемдік доданы Қазақстан құрамасы жалпы медаль кестесінде 3-ші орынға тұрақтады.
Атап айтқанда, 81 келіге дейінгі салмақта Жалғас Қайролла мен -100 келі салмақ дәрежесінде Марат Байқамұров турнир чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына екі алтын жүлде салды.
Күміс жүлдені 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар және +78 келі салмақ дәрежесінде Кәмила Берліқаш жеңіп алды.
Қола медальдарды 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов, 73 келіге дейінгі салмақта Аңсарбек Ғайнуллин, 90 келіге дейінгі салмақта Айдар Арапов және +78 келі салмақ дәрежесінде Аида Тойшыбекова иеленді.
Бұл еліміздің тарихындағы елеулі жетістік, бұрын соңды Қазақстан атынан Grand Slam жарыстарында екі бірдей чемпион шықпаған, делінеді хабарламада.
Еске салсақ, турнирдің алғашқы күніндегі финалдық белдесулерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп тамашалаған болатын.
Ал Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қатысқан Golden Fight кездесуі турнирдің ерекше сәттерінің біріне айналды.