ЮНФПА басшысы елордадағы перинаталдық орталықтың жұмысын жоғары бағалады

ЮНФПА басшысы елордадағы перинаталдық орталықтың жұмысын жоғары бағалады
Фото: ДСМ

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) атқарушы директоры Диен Кейта Қазақстанға алғашқы ресми сапары кезінде Астанадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханаға барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz  ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Диен Кейтаға  еліміздің жетекші перинаталдық орталықтарының бірінде жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмысымен таныстырды.

Делегация босандыру бөлімшесін, босанғаннан кейінгі палаталарды, амбулаториялық және неонаталдық блоктарды аралады.

ЮНФПА өкілдеріне жүкті әйелдерге көмек көрсету маршруты, акушерлік процесті ұйымдастыру және аналар мен жаңа туған нәрестелерге кешенді медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдері таныстырылды. Перзентханада жыл сайын шамамен 14 мың сәби дүниеге келеді.

Делегацияға туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтап, пациенттерді мамандандырылған орталықтарға босандыру үшін уақтылы жіберуге мүмкіндік беретін пренаталдық скрининг жүйесі туралы да баяндалды.

Диен Кейта жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру деңгейін және Қазақстандағы перинаталдық қызметтің дамуын жоғары бағалады.

«Бұл — халыққа сапалы қызмет көрсететін нағыз аурухана. Мен жақсы әсер алдым және әлем бойынша баяндамаларымда клиникаларыңызды мысал ретінде міндетті түрде атап өтемін», - деді ЮНФПА басшысы.

Оның айтуынша, мультидисциплинарлық тәсіл мен бейінді мамандардың толық құрамының болуы ерекше маңызды.

«Мен үшін мұнда жүкті әйелдердегі барлық ауру мен жағдайдың толық спектрін қамти алатын арнайы бейінді мамандардың болуы өте маңызды», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Қазақстан мен ЮНФПА арасындағы медициналық кадрларды даярлау және қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту саласындағы одан арғы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Еске сала кетсек, БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының атқарушы директоры Диене Кейта Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесті.