ҚР Үкіметі мен БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының ынтымақтастығы талқыланды
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) атқарушы директоры Диене Кейтамен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл, ана мен баланы қорғау, репродуктивті денсаулық, әйелдер мен жастарды қолдау мәселелері талқыланды.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән береді. ҚР Үкіметі ұлттық басымдықтарымызға сәйкес БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын. ЮНФПА-ның Астанадағы елдік кеңсесінің жұмысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларды үйлесімді түрде толықтырады. Бірлескен күш-жігермен біз неғұрлым әділетті және инклюзивті қоғам құрамыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ЮНФПА-ның атқарушы директоры Мемлекет басшысының атына сәлемін жеткізіп, Қазақстанның әлеуметтік саладағы жетістіктерін жоғары бағалады. Қордың стратегиялық бастамаларға сараптамалық қолдауды жалғастыруға дайын екендігі атап өтілді.
«БҰҰ бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты даму секілді үш басты мақсат негізінде құрылған. Қазақстанның саясаты осы қағидаттарға толық сәйкес келеді. Ана өлімінің төмендеуі елде әйелдер мен халықтың денсаулығына қаншалықты үлкен көңіл бөлінетінін көрсетеді, ал жастарға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында көрсетіліп отырған қамқорлық жоғары бағаға лайық.
Біз ЮНФПА-да Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз. Мен Қазақстанның жаңа Конституциясына ерекше тоқталғым келеді, оның өзегінде адам құқықтары мен таңдау еркіндігі жатыр — дәл осы қағидат бүгінгі жаһандық өзгерістер дәуірінде аса маңызды. Қазақстан орнықты және адам игілігіне бағытталған дамудың қалай жүзеге асуы керек екенін жүйелі түрде көрсетіп келеді», - деп атап өтті Диене Кейта.

Сонымен қатар ЮНФПА өкілдері Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі технологиялық жабдықталу деңгейінің жоғары екенін және жасанды интеллект шешімдерінің енгізіліп жатқанын атап өтті. Астана қаласындағы қалалық ауруханаға барған кезде Диене Кейта медициналық мекеменің заманауи жабдықталуына назар аударып, оның әлемнің жетекші клиникалары деңгейіне сәйкес келетінін айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда ана өлімінің көрсеткіші 35%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 25%-ға төмендеген. Елімізде болашақ аналардың денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Өңірлерде 90 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.